Үйлері былтыр өртеніп кеткен тұрғындар әлі күнге дейін баспанасыз жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үйлері былтыр өртеніп кеткен тұрғындар әлі күнге дейін баспанасыз жүр

11.04.2019

Атырау облысында үйлері былтыр өртеніп кеткен тұрғындар әлі күнге дейін баспанасыз жүр. Өткен жылы қыркүйек айында, Доссор кентіндегі 4 пәтер жанып кеткен. Соның кесірінен, 4 отбасы далада қалды. Тығырыққа тірелген тұрғындарға бүгінге дейін еш көмек берілмепті. Мәселенің мән-жайын меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады

Бұл осыдан 7 ай бұрынғы жағдай. Лап берген тілсіз жау, қатты желдің кесірінен ырық бермепті. Арнайы сараптама өрттің құрылыс мақтасынан шыққанын анықтаған. Үйдің тұруға жарамсыз екені көрер көзге көрініп-ақ тұр. Ал Ерлан Кейкешев жұбайымен, 80-нен асқан кәрі әкесімен туыстарын паналап жүр.  

Ерлан Кейкешев, Доссор кентінің тұрғыны:

Осы үйдің төбе шатырын тұрғызып берсе, үйдің ішкі жұмыстарына көмек берсе, болды басқа ештеңе талап етпеймін.

Баспанасыз қалған 4 отбасы, сынық шеге қағып беруге жарамаған  жергілікті билікке өкпелі. Өйткені олар өрттен кейін, әкімдіктен көмек көрмеген. Себебі, бұл тұрғындардың бірде-біреуі, біржолғы әлеуметтік көмек алатын санатқа жатпайтын көрінеді.

Райгүл Орынбасарова, Доссор кентінің тұрғыны:

14 категорияға жатпайсың дейді. Мен айтамын жалғызілікті анамын, үш балам бар, қалай 14 категорияға жатпаймын деп. Үй тұр ма тұр, жарлары бар ма бар. Сендерге ештеңе берілмейді дейді. Сонда менің ешкімім жоқ, қазіргі таңда анамның үйінде тұрып жатырмын. Ал, анам жоқ болса мен далада тұрамын ба?!

Облыс бойынша өткен жылы – 176 баспана отқа оранған. Биылғы 3 айда 27 өрт оқиғасы тіркелген. Ал, 14 мыңға жуық халқы бар Доссор кентінде былтыр 6 үй өртенген.   3 отбасы баспаналы болған. Қалғандарына қашан кезек келері белгісіз. 

Ербол Ермағамбетов, Доссор кентінің әкімі:

Көмектесуге біздер тырысып жатырмыз, негізінде демеушілердің есебінен. Қыс болды, жаз түскеннен кейін, аталған үйдің шатырын демеушілер есебінен жауып беруге жұмыстанып отырмыз. Бірақ, нақты деп айта алмаймын әлі шешілген жоқ.Үй берілмейді.

Демек, жергілікті биліктен қайран жоқ. Тұрғындардың жалғыз үміті - жомарт жандарда. Өртенген үйдің шатыры жөндеп, қираған бөліктері қалпына келтірілуге қол ұшын созатын қайырымды адам табылса, дейді.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу