Әлеуметтік қамқорлық: Жұмыс тобының Оңтүстік өңірлерге сапары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қамқорлық: Жұмыс тобының Оңтүстік өңірлерге сапары басталды

09.04.2019

Елбасының Әлеуметтік қамқорлық шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобының Оңтүстік өңірлерге сапары басталды. Бүгін Үкімет өкілдері Қызылорда облысында болып, әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты. Толығырақ, осы өңірде жүрген тілшіміз Ербол Мәндібек баяндайды.  

Сыр еліне келген Үкімет өкілдері бірінші кезекте тұрғын үй құрылысымен танысты. Аймақта 10 мыңға жетеқабыл көпбалалы ана бар. Соның екі мыңға жуығы баспана кезегінде тұр. Үй-күйі жоқ отбасылардың баспана мәселесі жергілікті бюджет және жекеменшік әріптестік есебінен  шешілуде.

Мәселен, мына «Бәйтерек» ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 150 үй салынуда. Құрылысқа қажетті қаражаттың 450 миллион теңгесін  «Болат Өтемұратовтың қоры»  бөліп отыр. Қалған 225 миллион қала бюджетінен берілді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі:

Әр шаршы метрі 70 мың теңгеден шығып отыр. Құрылыс материалдары ішінде.

Билік өкілдері көпбалалы отбасылардың үйіне арнайы барып тұрмыс жағдайын білді. Шаңырақ иелеріне әлеуметтік қамқорлық шараларын түсіндіріп, әлеуметтік бағдарламаларға қатысудың ережелерін баяндап берді. Осыдан соң жалпы халықпен кездесу өткізді. Бұл жерде де бірінші кезекте әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттары жан-жақты жеткізілді.

Қызылорда облысындағы кәсіпорын басшыларына әлеуметтік жауапкершілікті арттыру керектігі ескертілді. Әсіресе, мұнай мекемелерінде жұмыс істейтін жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мәселесі қозғалды. Өз кезегінде өңірдегі жетекші кәсіпорын басшылары қарамағындағы аз қамтылған жұмысшыларға материалдық тұрғыда қолдау жасауға және баспанасы жоқ азаматтардың мәселесін шешуге тырысатындығын жеткізді. 

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Айлық табысты уақытымен беру мәселесі, жағдай жасау мәселелері қаралды. Бірнеше компанияның баяндамасын тыңдадық, оның ішінде көпбалалы аз қамтылған отбасыларға көмек беру, бірінші жарнаны төлеу мүмкіндігі т.б. жағдай жасауды тапсырдық.

Білім сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Айта кетейік, елімізде әлеуметтік қамқорлық шаралары аясында алдағы үш жылда 190 мектеп салынады. 144 000 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

180 колледждің материалдық техникалық базасы жетілдірілмек. Мұғалімдердің мәртебесін арттыру бойынша ауқымды шаруалар атқарылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға Қызылорда облысы қарқынды кірісуде.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу