Оңалту орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңалту орталығы ашылды

08.04.2019

Қарағанды облысының Балқаш қаласында мүгедек балалар мен жастарға арналған дамыту және әлеуметтік бейімдеу орталығының жаңа ғимараты ашылды. Бұл нысанды «Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігіне демеушілер сыйға тартты. Осылайша бұған дейін аядай пәтерде жұмыс істеп келген орталық енді жақсармақ. Руслан Нұрланұлы тарқатады.

«Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігі 2009 жылы құрылған. Мекеме ұжымы төрт бөлмелі пәтерде орналасқандықтан, күніне тек 15 адам ғана қабылдай алатын. Енді, міне, демеушілер 35 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, қаладағы бос тұрған ғимараттардың бірін жөндеп берді. Соның арқасында келушілер қатары артпақ.

Рабиға Мұхамеди, Балқаш қаласының тұрғыны: 

- Балаларды сауықтыруға, психикалық, эмоциялық жағдайын жақсартуға барлық жағдай жасалған. Бұл жерде жақсы мамандар еңбек етеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөліп, ата-аналарға сондай үлкен сыйлық жасады. Ата-ана ретіндегі алғысымыз шексіз.

 Орталық осы уақытқа дейін қаладағы жүйке жүйесі ауыратын, тірек-қимыл аппараты зақымданған және басқа да кемістігі бар жүздеген бала мен жастарға әлеуметтік оңалту қызметін көрсеткен. Науқастардың 60-қа жуығының денсаулығы түбегейлі жақсарған. Айталық, қимылсыз жандар жүріп, сөйлей алмайтындардың тілі шыққан. Заманауи үлгіде жабдықталған ғимарат оңалту, әлеуметтік-мәдени, спорттық сабақтарды кешенді түрде жүргізуге, қызмет сапасын арттыруға жол ашып отыр.

Людмила Денисова, «Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Халықаралық талапқа сай ғимарат. Мұнда барлығы пандус түрінде жасалған. Есіктері кең, жұмыс бөлмелері үлкен. Түрлі ем-дом кабинеттері ашылды. Қажет жабдықтың барлығы бар. Ауламыз да кең. 

Айта кету керек, орталық ұжымына осындай сый жасаған демеушілер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланы көркейтуге ерекше атсалысып келеді. Бұған дейін Мәдениет сарайының аумағы мен «Қоңырат» шағын ауданында балаларға арналған спорттық-жаттығу алаңдарын салып берген болатын.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу