Оңтүстік Қазақстан облысында қуаңшылықтың алдын алу жөнінде халықаралық семинар өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында қуаңшылықтың алдын алу жөнінде халықаралық семинар өтті

27.06.2014
Оңтүстік Қазақстан облысында қуаңшылықтың алдын алу жөнінде халықаралық семинар өтті

Зиян шеккен табиғатты қалпына келтіру үшін «жасыл» экономиканы қолданысқа енгізуге болады. Сол арқылы су көздері тиімді пайдаланылып, қуаңшылықтың алды алынады.

 
Оңтүстік Қазақстан облысында Біріккен Ұлттар Ұйымының   Даму бағдарламасы аясында өткен халықаралық семинарда үш елдің ғалымдары осындай ұсыныс айтты. 
 
Сарыағаш ауданында жылыжай салған «Қамбар ата» шаруа қожалығы қазір тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданып келеді.
 
Қызанақтың голландиялық сортын еккен шаруашылықтың алғашқы өнімдері де жаман емес. Әрбір түптен 7 келіге дейін көкөніс алынды.
 
Азамат Андасбаев, шаруа:
Су түбіне ғана барады да, басқа жерге ысырап болмайды. Жерасты суын пайдаланып жатырмыз.                                                                                           
 
Осы өңірдің диқандары ауыл шаруашылығы саласында тиімді деген технологияның барлық түрін қолданады.
 
 Бүгінде БҰҰ Даму бағдарламасы шеңберінде бірнеше қожалыққа қаржылай қолдау көрсетіле бастады.
 
Асылхан Асылбеков, БҰҰ  жұмыс тобының жетекшісі:
Біз инновациялық технологияларды, жаңа әрі тиімді әдістерді қолданатын шаруашылықтарға қайтарымсыз қаражат береміз. Ал, «жасыл» технологияны қолдану арқылы дақылдарды еккен шаруашылықтарға шағын гранттар бөлудеміз. 
 
Осындай қолдаулардың арқасында күнгейдегі қараусыз қалған жерлер игеріліп, қуаң жерден мол өнім алынып жатыр.
 
Егістік алқаптары мен тұқымбақтарды аралап көрген шетелдік ғалымдар тың тәсілдердің тиімділігіне көз жеткізді
 
Бахтияр Садықов, ғалым:
Қызмет көрсету және кеңес беру орталығын аштық. Ондағы мақсат - осы шаруа қожалығындағы жинақталған тәжірибені басқа шаруашылықтарға, басқа аудандарға, жалпы республикадағы шаруашылықтарға тарату.
 
Семинарға келген түркіменстандық сарапшылар болса, жердің құнарлылығын ретке келтіру мақсатында жеткен жетістіктерімен бөлісті. Ал, көрші өзбек елінің сала мамандары шөлейтті аумақтарды игеру жайын қарастырып жатқандарын айтады.
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу