Ақтөбедегі балабақшалардың бірінен шу шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі балабақшалардың бірінен шу шықты

01.04.2019

Ақтөбедегі балабақшалардың бірінен шу шықты. Ата-аналар тәрбиешілердің балаларды  тамақтандырмайтынын, онымен қоса, дұрыс білім бермейтінін айтып шағымданған. Тіпті, кейбірі бөбектерін басқа мекемелерге алып кетіп жатыр.

Бұл балабақшаға Алинаның екі баласы бірдей барып жүр. Алайда, соңғы кездері ол ұлдарының  дұрыс тамақтанбайтынын білген. «Таңғы асқа қара су мен нан ғана бергенін, ал, түскіге тек сорпа ішкенін көрдім», дейді. Онымен қоса, балалары тәрбиешілердің қол жұмсайтынын айтқан.

Алина Обайдуллина, қала тұрғыны:

Балалардың алдында ботқа болған жоқ, тек нан мен май және шай ғана болды. Түскі ас кезінде келіп, меңгерушімен сөйлестім. Түскі асқа не бересіздер деп едім, сорпа болады деді. Ал, екінші ас болған жоқ. Себебін сұрағанда, бәрі ата-аналардың қарызына келіп тіреледі деп түсіндірді.

Балабақша басшылығы «кейбір ата-ана ай сайынғы балабақша ақысын кешіктіреді, сол себепті тамақ алуға ақша жоқ», деген уәж айтқан. Ал, бүгін тілшілерге  «балаларға тамақ бермейді дегендері жала»,  деп шықты.

Толқын Шектібаева, балабақшаның құрылтайшысы:

Шамалы қателіктер болды.Себебі, бір ата-ана екінші тамақтану кезінде келіп, телефонға түсіріп, бұл бірінші тамақ деп, әлеуметтік желіге салды. Сол себепке байланысты қазір түсініктеме хат жазылды. Жала жауып тұр.

Біздің аңғарғанымыз – балабақша ғимараты көптен жөндеу көрмеген. Еден төсеніштері сырылып, қабырға сылақтары түсіп жатыр. Балалар бір бөлмеде ойнап, сол жерде ұйықтайды. Ата-аналар шағымынан кейін арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.

 

Гүлжан Әмірова, қалалық Білім бөлімінің бас маманы:

Мемлекеттік тапсырыс негізінде  жұмыс істеп жатқан «Мадок» бабалабақшасына 29 наурыз күні ата-анадан шағым түсті. Сол шағым негізінде комиссия топ құрып, осы балабақшаға келіп отырмыз. Сол бағыттар бойынша жұмыс жүргіземіз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Балаларға арналған ас дәл осы жерде дайындалған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жерде электр жарығының өзі істен шыққан. Қалалық Білім бөлімінің мамандары егер мекеме кемшіліктерді түземесе, арадағы келісімшарттың бұзылуы мүмкін екенін жеткізді.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу