Мақтарал және Жетісай ауданының диқандары егістік алқаптың сорын шаю жұмысын аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтарал және Жетісай ауданының диқандары егістік алқаптың сорын шаю жұмысын аяқтады

01.04.2019

Түркістан облысындағы Мақтарал және Жетісай ауданының диқандары егістік алқаптың сорын шаю жұмысын аяқтады. Жылдағыға қарағанда шаруалар бұл жұмысты  бір айға кеш бастағанмен, жылдам аяқтады. Оған ағын судың жетікілікті болуы себеп. Өйткені, гидромелеорациялық талаптарды дұрыс орындаудың нәтижесінде су үнемді жұмсалды.

Ынтымақ ауылында тұратын  Өмірзақ Сәрсенов биыл 10 гектар жерге мақта егуге қам жасап жатыр. Жерасты суының деңгейі жоғары болғандықтан, биыл да егістіктің сорын шайды. Жылдағыдан ерекшелігі, алқапты бірнеше танаптарға бөлді. Соның арқасында ағын су үнемделді. Енді күн қызып, топырақтың ылғалы тартылса, егісті бастамақ.

Өмірзақ Сәрсенбаев, шаруа:

Былтырғыға қарағанда  сор шаю биыл жақсы жүрді. Егер сор шаю жақсы өтсе, түп саны түгел болады. Түп саны түгел болған жерде өнім де жақсы болады.

Осындай тәсілмен Мақтарал және Жетісай аудандары бойынша биыл 100 мың гектар алқапта сор шаю жұмысы жүрді. Бұл негізінен дәнді дақылдар егілетін жерлер.  Егістікке 370 миллион текше метр су жіберілді. Кезінде аймақтағы  жерасты суының деңгейін төмендету үшін 731  дренаж орнатылған. Бүгінде соның 300-дейі су шарушалығы мекемесінің меншігіне қайтарылып,  іске қосылды.

Шахадат Омаров, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Мақтарал өндірістік бірлестігінің басшысы:

Изометриялық құбыр арқылы мониторинг жүргізіп отырмыз. Одан байқағанымыз, биылғы жыл құрғақшылықпен келеді. Былтыр 270 ұңғымаға дейін қосқанбыз. Биыл 210-нан асырмадық. Бүгінгі таңда 150 ұңғыма ғана қосулы. Ол жерасты суының деңгейі  бұрынғы жылға қарағанда төмен деген сөз.

Аймақтағы су жүйелерінің жалпы  ұзындығы 700 шақырымға жуықтайды. 1035  канал қазылған. Бірақ, соның жартысынан астамы ұзақ жылдан бері тазаланбады. Көп жерін қамыс басып кеткен. Каналдарды тазалау ісі былтыр  қолға алынды. Ұзындығы 103 шақырым келетін 51 арықтың арнасы аршылды. Биыл тағы 31 каналдың табаны тазартылмақ. Бұл жұмысқа қазынадан 209 миллион теңге бөлінді.

 

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу