БҚО-ның Бөкей ордасына апаратын жол құрылысы биыл басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ның Бөкей ордасына апаратын жол құрылысы биыл басталады

29.03.2019

Бұл - Елбасы тапсырмасы. Тұңғыш Президент ол туралы былтыр мамырда сол өңірге барған сапарында айтқан. Елдің шетінде, желдің өтінде жатқан ауданға жол салынады деген хабарды халық қуана қабылдады. Өйткені жергілікті жұрт жылдар бойы жол азабын тартып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті:

Бөкей ордасы ауданы мен Жәнібекке жол нашар, солай ғой? Мен Үкіметке тапсырма бердім.

Ордаға барар жол - осы. Жауын-шашын болса, жер езіліп кетеді. Батпаққа батқан көліктер бірін-бірі сүйреп әлек. «Кемедегінің жаны бір». Жолаушылар да қарап тұрмайды.

Ілияс Қадешев, жүргізуші:

- Жер балшық. Жолаушылар көмектеседі. Үстімізді көріп тұрсыз, лас. Бәлен жылдан бері осылай жүріп жатырмыз. Бізге жол керек, басқа ештеңе керек емес.

Бөкей ордасына барар екі жол бар. Бірақ Жаңақала және Қазталов аудандары арқылы өтетін екі бағытта да асфальтты төсем жоқ. Халық жылдар бойына жол мехнатын тартып келеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Бөкей ордасына апарар жол құрылысы осы жерден басталады. Біз қазір Өнеге ауылының маңында тұрмыз. Жолаушылардың ат-көлігін аздырып, жүйкесін тоздырған бұл жолда Кеңес үкіметінен бері асфальт болмаған еді. Енді тек биыл Елбасының тапсырмасымен, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы тасжол құрылысы басталатын болды.

Бұл жаңалықты естігенде бөкейліктер бөркін аспанға атып қуанды. Шекарада жатқан ауданда қатынас қиындығына қарамастан, 15 мыңнан астам адам тұрып жатыр.

Жобаға тапсырыс беруші – «Қазавтожол» ұлттық компаниясы. Қазір жобалық-сметалық құжаттары бекітілген. Сәуірде мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілмек.

Нұрлан Рақымжанов, Бөкей ордасы ауданының әкімі:

- Жолдардың жалпы ұзындығы 275 шақырымды құрайды. 6 лотқа бөлінеді. 6 лоттың үшеуі біздің ауданда болады. Құжаттары дайын.

Жол құрылысы маусым айында басталмақ. Жоба үш жылға есептелген. Қазақстанның киелі жерлері қатарына енген Хан ордасы ауылына апарар 21 шақырым жол да осы жоба аясында жөнделеді. Биылға жұмысқа 1,2 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу