Биыл елімізге 600 мыңдай еңбек мигранты келуі тиіс. Ішкі Істер министрлігінің болжамы осындай. Жалпы, жыл сайын Қазақстанға жұмыс іздеп келетін шетелдіктер саны артып барады. Көбіне-көп Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан азаматтары келеді. Ал, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің өкілдері еңбек патентінен босатылған.
Былтыр бізге еңбек етуге 551 мың шетел азаматы келіп, мемлекет қазынасына 6 млрд теңгеден астам салық түскен екен. Әсіресе, мигранттар көктем-жаз айларында елімізге ағыла бастайды. Сондықтан көші-қон қызметіндегі жұмысты реттеп, шетелдіктердің шекарадан заңсыз өтіп кетуін болдырмау үшін тәртіп сақшылары жұмыстарын күшейтіп жатыр. Бұған бір жыл бұрын ашылған Көші-қон қызметтері орталықтары сеп болып отыр. Тек қана миграция мәселесін шешетін мекеменің басты жетістігі – құжаттарды қабылдап, әзірлеу мерзімі едәуір қысқарған. Қазір 14 өңірде осындай орталық бар. Жарты жылда тағы 4 облыста ашылуы тиіс.
Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Мерзімі ұзақ дүниелерді қысқарттық. 1-ақ күннің ішінде, азаматтығы жоқ шетел азаматтарына жеке куәлік береміз.
Фарходжон Соткеев, Өзбекстан Республикасының азаматы:
- Алғаш рет Қазақстанға 2012 жылы келгенмін. Ол кезде құжаттарды реттеу қиындау еді. 2 апта, 20 күнге дейін созылып кететін. Біресе емханаға, біресе көші-қон орталығына жүгіреміз. Бұл жолы келсем, арнайы орталық ашылыпты. Өте ыңғайлы. Бәрі бір жерде. Бір жұмыс күні ішінде барлық мәселемді шешіп, құжаттарды реттеп алдым.
Альбина ӘШІМ