«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Ақмола облысының жұртымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Ақмола облысының жұртымен кездесті

29.03.2019

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары туралы халықты ақпараттандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Үкімет мүшелері Ақмола облысына жұмыс сапарын қорытындылады. Екі күндік кездесулердің басым бөлігі шалғайдағы ауыл-аймақтарда өтті.

Шағын ғана Қошқарбай ауылында жұмыссыз жатқан адам жоқтың қасы. Тұрғындары таңның атысы күннің батысы еңбек етуді әбден әдет қалған. Кейбір жанұялар жетім балаларды асырап алып, тәрбие беріп, оқытып, аяқтандырып жатыр. Соңғы рет 7 отбасы 14 жетім баланы қарауына алыпты. Бүгінде олар жергілікті мектепте білім алуда.

Атақоныстағы ағайынның тұрмысын түзеуге билікпен бірге бизнес те белсенді атсалысқаны абзал. Кәсіпті дамытудың жөнін білетін азаматтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, шама-шарқы жеткенше көмек көрсетуі керек. Шағын болса да іс бастауына жағдай жасау маңызды. Ақмола облысындағы бизнес қауымдастық өкілдері мұндай бастамаларға дайын екенін айтады. Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты халықтың іскерлік қабілетін арттырып, жаппай жұмысқа жұмылдыруға бағытталғаны белгілі.

Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет өкілдері кездесулерін кеңселерде емес, қарапайым халықтың ортасында өткізді. Әрбір айтылған мәселе бойынша жергілікті басшылардан жауап сұралды. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың табыс кілтін табуына басымдық берілуде. Халықтың да кәсіп бастауға деген құлшынысы қарқынды.

Халықпен кездескен жауапты министрлер әрбір азаматтың сұрақтары мен шағымдарын қойын дәптеріне түртіп алды. Жәрдемақы, жалақы, баспана, жұмыссыздық сынды сан түрлі мәселелердің тізбегі жазылуда. «Оның барлығын есеп үшін емес, әлеуметтік бағдарламаларды тағы бір мәрте пысықтау үшін назарға алып жатырмыз»,-деп ескертті. Айта кетейік, Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы алдағы сәуір айының соңына дейін барлық облысты аралап шығуды жоспарлап отыр.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу