Сынақ тапсырып жатып, қайтыс болған жігіттің өліміне кінәлілер жазалануы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сынақ тапсырып жатып, қайтыс болған жігіттің өліміне кінәлілер жазалануы тиіс

28.03.2019

Түркістан облысында ішкі істер қызметінің арнайы жасағына қабылдану үшін сынақ тапсырып жатып, қайтыс болған жігіттің өліміне кінәлілер жазалануы тиіс. Осыны талап еткен марқұмның туыстары Әлімжан Әбдірайымовтың қазасына шектен тыс физикалық ауыртпалық  себеп болды дейді.

Әрі полиция басшыларының тарапынан қысым көрсетілген деп отыр. Ең өкініштісі, үміткерлер үздік атану үшін барын салып жатқанда қастарында жедел медициналық көмек көрсету қызметі де, дәрігерлер де болмаған екен.    

«Арлан» арнайы жасағының сарбазы атану үшін үміткерлер жүзу, жүгіру, турникке тартылу секілді спорттың 7-8 түрінен физикалық дайындықтарын көрсетуі керек болған. Осылардың алғашқыларынан сәтті өткен Әлімжан Әбдірайымовтың кезекті сынақ үстінде демі үзіліп кетеді.   

Райымжан Әбдірайымов, марқұмның әкесі:

Алдымен суда жүзу болған. Одан 100 метрге, онан соң 800 метрге жүгіру басталған. Арада ешқандай үзіліс, демалыс болмаған. Медиктер болмаған, баламның организмін тексеретін ешкім болмаған.

Әлімжан 12 жасынан бастап күреспен шұғылданған кәсіби спортшы. Азия чемпионы. Әлемдік додаларда топ жарған спорт шебері. Әскери қызметтен соң «Күзет» басқармасына жұмыс істеген ол «Арлан» арнайы жасағының сарбазы болуды армандады  дейді әйелі. Мақсатына жету үшін бірнеше ай  бойына  үзіліссіз жаттығу жасаған.

Әсел Тоқсанбай, марқұмның  келіншегі:

Көзім жетеді, мұның заңсыз екеніне. Негізі бұл сынақты Астанада қабылдауы керек. Бұларда үміткерлер көп  болған соң өздері ішінара іріктеп алып, содан жібереміз деп ойлаған шығар. Оның үстіне күйеуіме өте ауыр сөздер айтылған.

Мәйітті тексеру кезінде сот медициналық сараптамасы жігіттің бұлшық еттерінің сіресіп, қан тамырының жарылып кеткенін растаған. Мән-жайды түбегейлі анықтап берсін деген мақсатпен марқұмның туыстары Ішкі істер департаменті ішкі қауіпсіздік қызметіне арызданған.  Содан бері бір ай өтті, тексеру нәтижесінен әлі хабар жоқ.

Салтанат Қаракөзова, облыстық ІІД ресми өкілі:

Тексерілді. Қазіргі таңда Түркістан облысы полиция департаментінің кадр-саясат басқармасының инспекция қызметкерлерімен қызметтік тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Марқұмның туыстары спорт сынағын өткізуге жауапты мамандардың  жазаға тартылуын талап етіп отыр. Сондай-ақ,  Әсел күйеуінің қазасы  қызмет бабында болғандықтан соған сай шешім қабылданып, отбасы мен балаларына әлеуметтік көмек берілсе,  дейді.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу