Қостанай облысының Таран ауданында 4 көпбалалы отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Таран ауданында 4 көпбалалы отбасы баспаналы болды

21.03.2019

Қостанай облысының Таран ауданында 4 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Бұл игілікті іс Елбасының «Әлеуметтік қаморлық» шарасы аясында жүзеге асып отыр. 4 отбасы да бұған дейін пәтер жалдап келген. Жаңа баспанаға ие болғандар «Бұл бірінші кезекте Елбасының бізге тигізген шарапаты» деп біледі.

Мырзашевтар отбасы Таран ауданына Өзбекстаннан көшіп келген. Алғашында ата-анасының қолында тұрды, кейін енші алып, пәтер жалдап бөлек шықты. Алайда төрт баласы бар отбасыға бір бөлмелі жалдамалы баспана жайсыз еді. Бүгін үш бөлмелі пәтердің кілті қолдарына тиді. Олардың қуанышын бөлісуге ағайындары мен ата-анасы да келіпті.

Рәзия Жапқараева, отағасының анасы:

Елбасының Жарлығымен осындай шараны жүзеге асырып жатыр екенсіздер. Көпбалалы аналарға осындай дәрежеде сый-құрмет көрсетіп жатқан әуелі Елбасыға алғысымды айтамын.

Тағы үш отбасына баспана аудан орталығы - Әйет кентінен бұйырды. Төрт үйді сатып алуға қажет 6 млн теңгені алтын кенін өндіретін жергілікті кәсіпорын бөлген. Игі шара аудан әкімдігі мен кәсіпорын арасындағы меморандумға сәйкес жүзеге асып отыр.

Антон Труханов, алтын кенін өндіруші кәсіпорынның өкілі:

Тұңғыш Президентіміз көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға баса мән беруді тапсырғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл мәселеден біз де шет қалмай өз үлесімізді қосып отырмыз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жадымыздан шығармай, әрдайым осы салаға қолдау көрсетуге тырысамыз.

Осылайша әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау үшін нақты іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Себебі Елбасы алға қойған басты меже - елдің тұрмысын жақсарту.

Айнаш Доданова, облыстық мәслихат депутаты:

Біздің Тұңғыш Президенттің Тәуелсіз Қазақстанға сіңірген еңбегі зор. Ауданда қаншама әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Соның бәрі халық үшін, халықтың жағдайын жақсарту үшін.

Таран ауданында барлығы 142 көпбалалы отбасы бар. Олардың жағдайы әрдайым биліктің жіті назарында. Соңғы екі айда ауданда осымен алты көпбалалы отбасына баспана беріліп отыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу