Тарихқа шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихқа шолу

20.03.2019

Қазақстанды бүгін жаһан таниды. Оған  ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің ізі айшықты. 1991 жылы бірінші желтоқсанда жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. Халық өз таңдауын жасап, Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ Елінің Президенті етіп сайлады.

98,8% дауысқа ие болған Елбасы, алда өткен 5 сайлауда да халықттан қолдау тапты. Қазақстанда бүкілхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өтсе, оның үшеуі белгіленген мерзімінен бұрын болғаны баршаға аян. Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев осы сайлаулардың барлығында басым дауыспен жеңіске жетті.

1991 жыл. 1 желтоқсан. Қазақ елі алғаш Президентін сайлады. Жалпыхалықтық сайлауда елдегі 8 млн.681 мың 276 адам Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс берді. Қазіргі Республика сарайында ең алғаш Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі өтті.

Тарихи кадрлар. Ата-баба аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, Нұрсұлтан Назарбаев халқының алдында ант берген сәт.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті халайық, көпэтносты республикамыздың халқына қалтқысыз қызмет етуге, Қазақ Республикасы Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың құқылары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін. 

Елі сенген Елбасы ұлықтау рәсімінен кейін де халықтың алдына шықты. Республика алаңына жиылған жұрттың қарасы көп болғаны сонша, алып алаң адамға толды.

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Сол жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Референдумға қатысқандардың 95,5% Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды қолдады

1999 жыл 10 қаңтар. Елде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтті. Нұрсұлтан Назарбаев -  дауыс берушілердің 79,78 % жинап, Президенттік орнын сақтап қалды.

Аумалы-төкпелі кезеңде ел тізгінін қолға алған Елбасы аз уақытта елдің еңсесін тіктеді. Тұрақтылық салтанатып құрған дамушы мемлекетке айналдырды. 2005 жылғы 4-желтоқсандағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев, тағы да халықтың басым дауысына ие болды. Яғни, сайлаушылардың 91,15 пайызы қолдады.

Уәлихан Қалижан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Егемендігіміздің, Тәуелсіздігіміздің 25 жылға толмаған уақытында қандай жолдан өтті. Біз тарихи жолдан өттік. Ғасырлар бойы өтетін жолдан өттік. Сөйтіп, мінекей, әлем таныған мемлекетке айналдық. Әлем таныған біздің ұлттық көшбасшымыз бар. Сондықтан да, сол күні Назарбаев таққа отырғанда бүкіл қазақ таққа отырды деп білемін.

2011 жылы өткен сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев, 95,55% дауыс жинап, тағы жеңіске жетті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сол тұста сайлау әділ өткенін айтып, жоғары баға берді.  4 жылдан соң, яғни 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Халық өз таңдауын жасап, 97,5% дауыспен тағы Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады.

Қысқасы, елде 5 мәрте сайлау болды. Оның үшеуі белгіленген мерзімінен бұрын өтті. Қазақстанды 30 жыл басқарған Елбасы әр сайлауда елдің биік сеніміне ие болды. Себебі, дамудың дара жолын таңдаған Президент, соңынан елді ерте білді. Халқының қамы үшін тыным таппайтын ұлы тұлғаның еңбекқорлығының нәтижесінде еліміз үлкен белестерге жетті.  

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу