Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Қазақстан халқы алдында ант берді

20.03.2019

Бүгін 20 наурыз 2019 жыл Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Жаңа ғана Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін ресми түрде тапсырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Қазақстан халқы алдында ант берді. 

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президентінің куәлігін табыстады. Бірлескен отырысқа ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары және қос палата депутаттары қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы абыройы мен мемлекет үшін атқарған істерін ерекше атап өтіп, «Елбасы жаһандық деңгейдегі саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті» - деді.  

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бұған дейін жариялаған әлеуметтік бастамалары сәтті жүзеге асып жатқанына тоқталды.

Президент өкілеттігіне кірісе сала, Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды мәлімдеме жасап, алғашқы ұсыныстары мен тапсырмаларын берді. Солардың бірі – Елорданың атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту. Бұл бастаманы залда отырғандар ду қол шапалақпен қабылдады.

Альбина Әшім

 

Хабарламаларға жазылу