Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың жәрдемқаржыны алуына бірқатар кедергілер бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың жәрдемқаржыны алуына бірқатар кедергілер бар

18.03.2019

Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың мемлекеттен берілетін жәрдемқаржыны алуына бірқатар кедергілер бар. Ең бірінші ол бюрократиялық талаптардың көп болуы. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Палата төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров айтты. Жиында үй-күйсіз, еш жерде тіркеусіз жүрген жандардың да мәселесі көтерілді.

Депутататтар бұл мәселелерді шешу үшін цифрландыру базасын реттеп, оны дұрыс пайдалану керектігін айтты. Үкіметтің әлеуметтік қамқорлық бойынша жоспарын таныстырған Бердібек Сапарбаев бұл бағытта кешенді жұмыстар қолға алынып жатқанын жеткізді.

Тұрмысы төмен отбасыларды демеп, оларға қолдау білдіру үшін қазынадан 2 триллион теңге бөлінеді. Оның шапағаты еліміздің миллионнан астам азаматы сезінбек. Депутаттар бұл масылдыққа ұрындырып, азаматтардың өз мәселесін Үкіметке артып қоюына әкелмеуі керектігін де ескертті. Көмек ең мұқтаж деген отбасыларға берілуі қажет.

Бектас Бекназаров, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

Бұл қамқорлық тұрғындарды өз проблемаларын мемлекетке артып, енжарлық бен бейқамдыққа, тіпті масылдыққа ден қоюға ынталандырмауы керек. Өз жанұясын, бала-шағасын өз күшімен бағуға талпынып, соның нәтижесінде төменгі күнкөрістен жоғары табыс тауып жүрген жанұяларға берілмейді. Мейлі олардың 5 баласы, 10 баласы болсын, олар бұл көмекті алмайды.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу