Түркістан облысының диқандары отандық ғалымдардың өнертабысын мақта егу ісінде пайдалана алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының диқандары отандық ғалымдардың өнертабысын мақта егу ісінде пайдалана алады

15.03.2019

Мақтарал ауданы аумағында жасақталған шағын зауытта өнімді тасымалдауға арналған тіркемелер құрастырылуда. Жаңа техниканың артықшылығы өнім егістік басынан ысырапсыз тасымалданады. Жүк көтеру қабілеті де жоғары. Бастысы, жолда жүру қаупі барынша азайды.

Жаңа тіркеменің ұзындығы - 10, ені - 2,8 метр. Үстіне 10 тоннаға дейін мақта тиеуге болады. Артықшылығы - бұрынғы техникадан 4 есе көп жүк тасуға қауқарлы. Оны аударып төгуі де басқаша. Тіркеме тұтастай бір жағына қарай аударылмайды. Едені ғана көтеріледі. Соның арқасында мақта жерге шашылып төгілмейді. Жергілікті мамандар тіркеменің қаңқасынан бастап, тұтастай өздері құрастырып шықты.

Бұл, әсіресе, «ДжонДир» секілді қуатты тракторлар мен мақта теру комбаиндар үшін тиімді болып тұр. Бүгінгі таңда шаруалардың қолында осындай 400-ден астам шетелдік техника бар. Оларға лайық тіркеменің жоқтығынан диқандар терген мақтасын көбіне жерге жинайтын.

Сәду Бекенов, Шаруа қожалығының төрағасы:

- Жерге аударған соң мақта топыраққа, шаңға араласып, сапасын кемітеді. Ылғал тартады. Егер мұнда салсақ, мақтаның сапасы да, салмағын да сараптап, зауытқа тіке апара береміз.

Ғалымдар сондай-ақ жердің беткі қабатын бұзбай-ақ, топырақтың астыңғы қыртысын аударатын соқа ойлап тапты. Бұл жерді эрозиядан қорғайды. Құнарлылығын сақтайды. Мұнан бөлек қазір мамандар көкөніс егу кезінде бірнеше жұмысты қатар атқаратын агрегатты құрастыру үстінде.

Бұл жобалар еліміздегі «Ғылым қоры» арқылы жүзе асуда. Шағын зауыт жыл сайын 70 тіркеме жасап шығармақ. Осылайша 2023 жылға дейін шаруаларды мақта кластеріне қажетті техникамен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу