«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Жаңаөзен жұртымен кездесті

15.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына барды. Жергілікті халықпен кездесу өткізіп, әлеуметтік бастамаларды баяндап, азаматтардың хал-ахуалын сұрастырды.

Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласының халық саны 150 мыңнан асып жығылады. Яғни, белсенді демографиялық өсім байқалады. Сәйкесінше азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағынан қолдау шаралары ұлғайып келеді. Жергілікті биліктің айтуынша, әсіресе, жастардың нарық сұранысына сай білім алып, еңбекке араласуына барынша жағдай жасалуда.

Бекнұр Бисенов - Жаңаөзендегі мүгедектер мәселесі жөніндегі қоғамдық бірлестіктің жетекшісі. Жас та болса ауқымды істер атқарып келеді. Кембағал жандарға арналған спорттық клуб ашылып, олардың өміріне оң өзгеріс жасапты. Осы күні спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандар республикалық әрі халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Оған қоса бірлестіктегі бірнеше мүгедек жанның жұмыспен қамтылғанын айтты. Яғни, көлік дөңгелегін қайта өңдеп, жұмсақ төсеніштер жасайды. Бекнұрдың айтуынша, Жаңаөзенде мүгедектер мәселесіне ерекше назар аударылуда. Енді міне, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары арқылы көрсетілетін көмек мүмкіндіктер көкжиегін одан сайын кеңейтпек.

Сәнім Танаева - Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, қаладағы барлық кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Шағын және орта бизнестегі азаматтардың саны артқанын жеткізді. «Ешқандай еңбек дауы жоқ. Қаржылық ұйымдар мен әлеуметтік мекемелер халыққа сапалы қызмет істеп жатыр. Қала халқының 4 мыңнан астамы жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр, бүгінде сол азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда»,- дейді.

«Әлеуметтік қамқорлық» шараларының шарапатын Жаңаөзен тұрғындары да көреді. Көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізеді. Мүгедектерге күтім жасайтын отбасылардың жәрдемақысы өседі. Бюджеттік саладағы қызметкерлердің айлығы артады. Жағдайы төмен отбасыларға жеңілдетілген тұрғын үй несиесі ұсынылып, жалдамалы пәтерлер қарастырылады. Әлеуметтік инфрақұрылым жетілдіріледі. Мұндай қолдау шаралары Қазақстанның барлық аймағына тән. Жергілікті халық мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларына қолдау білдіріп отыр.

Жұмыс тобы бүгін халықтың да пікірін сұрады. Әрбір қойылған сұрақ пен айтылған пікір назардан тыс қалған жоқ. Азаматтар өздерін мазалаған мәселе бойынша нақты жауап алды. Жаңа әлеуметтік бастамалар бойынша берілетін көмектер тізбегі түсіндірілді. Білім мен медицина саласында атқарылатын ауқымды жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Астанадан Жаңаөзенге арнайы келген жұмыс тобы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын халыққа жан-жақты түсіндіріп, оның дер кезінде орындалуы жөнінде жергілікті билікке нақты тапсырмалар берді. Мемлекеттен жұмсалатын қаражаттың әрбір тиынын тиімді жұмсауды ескертті.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу