Мемлекеттік бағдарламамен берілген үй сапасыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік бағдарламамен берілген үй сапасыз болып шықты

13.03.2019

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар сапасыз салынған үйге шағымданып, шаршағанын айтады. Аймақта соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ баспаналы болдық деген жұрттың қуанышы көпке созылмады. Олардың барлығының проблемасы ұқсас: шатырдан су ағып, терезеден жел соғады. Басқа да кемшіліктері көп.

Төбеден сорғалаған су тұрғындардың әбден берекесін қашырған. Сырты жылтыраған үйдің ішкі былықтарын енді біліп жатырмыз дейді жұрт. Үйге құбыр дұрыс тартылмаған, терезені қыс бойы қырау басады. Тұрғындар шағымданып, талай жерге барған, бірақ нәтиже жоқ.

Риза Исабаева, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Төбеден су сарылдап, сылақтың барлығы жерге түсіп жатыр. Талай рет айттық. Балаларымның да бармаған жері жоқ. Ештеңе істемейді, шара қолданбайды.

Соңғы жылдары Өскемендегі жаңа үйлердің көбі 19-шы шағын ауданда салынды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген көпқабатты үйлердің сапасына қатысты сын өте көп айтылады. Жаңа баспанаға қол жеткіздік деген талай өскемендіктің бүгінде өзегі өкінішке толы.

Берік Көшербай, тілші:

- Мына 9 қабатты үйдің пайдалануға берілгеніне - 2 жыл. Сол уақыттан бері мұндағы ел-жұрт та сапасыз құрылыстың зардабын тартып келеді. Тұрғындардың айтуынша, қатты жаңбыр болғанда, су қабырғадан өтіп, пәтер ішіне кіріп кетеді. Сондықтан үйдің қас бетін жұқа қаңылтырмен қаптау туралы шешім қабылданыпты.

Сапасыз үйлердің жай-күйі таяуда «Nur Otan» филиалындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралды. Партия өкілдері «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуын қатаң бақыламақ. «Мемлекеттік сатып алу заңындағы соңғы өзгерістерден үміт көп»,-дейді мамандар. Өйткені бұған дейін құрылыс фирмалары тендерде жеңіске жету үшін бағаны өз білгенінше төмендетіп тастайтын.

Сырым Дюсупов, Облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс сомасынан 10 пайыздан артық түсіре алмайды. Жұмысты алу үшін 10 пайыздан соң тәжірбие ескеріледі.

Заң бойынша мердігер компания құрылыстың сапасына белгілі бір мерзімге дейін кепілдік береді. Осы уақыт аралағында анықталған кемшіліктерді толық жоюға міндетті. Бірақ бұл құжатта сапасыз үйді қысы, жазы жамап-жасқап, әбден берекесі қашқан тұрғындардың моралдық шығынын өтеу жайы қарастырылмаған.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу