Келешекте Қарағанды облысы Астананы газбен қамтамасыз етпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келешекте Қарағанды облысы Астананы газбен қамтамасыз етпек

20.06.2014
Келешекте Қарағанды облысы Астананы газбен қамтамасыз етпек
 
Келешекте Қарағанды облысы елорданы газбен қамтамасыз ететін болады. Оған кенді аймақтың көмір бассейндеріндегі аса бай метан қоры толық жетеді.
 
Бүгін Қарағандыда метан өндіруден әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің өкілдері халықаралық форумда бас қосты.
 
Қазір әлем бойынша 20 ел метан газын өндіріп, саудалаумен айналысады.
 
Жер шарындағы бұл табиғи отынның қоры 260 триллион текше метрді құрайды. Соның 900 миллиард текше метрі Қарағанды көмір бассейндеріне тиесілі.
 
Бұл - республикадағы метан қорының 85 пайызын құрайды. Осынау бос жатқан энергетикалық ресурсты игеру - күн тәртібінде тұрған мәселе.
 
Бұл елдегі экологиялық жағдайды жақсартып, көмір шахталарындағы апаттарды азайтады.
 
Сондай-ақ, Қарағанды, Астана қалаларын және басқа да аймақтарды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 
Әнуар Ахметжанов, облыс әкімінің орынбасары: 
Қытай, Американың компанияларын және Еуразиялық одақ арқылы Ресейдің компаниясын шақырдық. Біз олармен өте тығыз байланыстамыз. Екі айдың ішінде Ресейдің Кузбасына барып келдік. Ол жақтың тәжірибесін көріп, соны Қарағандыда пайдаланамыз, деген ойдамыз.
 
Былтырғы жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бір шахтасында метаннан шығарылатын электр энергиясын өңдеу бойынша құрылғы іске қосылды.
 
Бұдан басқа, метанды барлау және оны өңдеу бойынша 2 жоба қолға алынды. Олар негізінен шетелдік инвесторлардың ықпал етуімен жүзеге асырылмақ.
 
Барат Карлос, «Cobro» газ өндіру компаниясының сауда-саттық директоры (Испания):
Қарағанды облысының метан газын өндіру бойынша келешегі зор. Бізде дәл сіздердегідей мол шоғырланған табиғи байлық жоқ. Дегенмен, оны өндірудегі технологиялық тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз.
 
Метан газын өндіріске шығару «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы экономикалық дамудың ірі инновациялық бастамасына айналмақ.
 
Қазір әлемдегі көшбасшы елдердің барлығында балама қуат көздерін тиімді пайдалану жүйелі жолға қойылған. Жақын арада Қазақстан да солармен үзеңгі қағыстыратын болады.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу