Қырымбек Көшербаев Түркияның іскер топ өкілдерін Сыр өңіріне инвестиция салуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырымбек Көшербаев Түркияның іскер топ өкілдерін Сыр өңіріне инвестиция салуға шақырды

20.06.2014
Қырымбек Көшербаев Түркияның іскер топ өкілдерін Сыр өңіріне инвестиция салуға шақырды
 
Қызылорда облысындағы тарихи жерлер мен «Байқоңыр»  ғарыш айлағы туристік орталыққа айналады.
 
Бұл орайда түрік ағайындардың осы саладағы бай тәжірибесі қолданылады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев түрік елінің Қожаелі қаласымен алыс-берісті арттыру үшін меморандумға қол қойды.
 
Қожаелі провициясы - Түркияның экономикасы қарыштап тұрған индустриалды аймағы. Қызылордалық делегация алдымен осы қалаға ат басын тіреді.
 
Себебі, бұл жерде үйренетін іргелі істер көп. Қырымбек Көшербаев Түркияның іскер топ өкілдерін Сыр өңіріне инвестиция салуға шақырды. 
 
Тельман Сүлейменов, Қызылорда олыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:
Ауыл шаруашылық, өндіріс салаларында түріктерге бірқатар ұсыныстар жасадық. Шетелдік инвесторларды тартсақ, аймақтың әлеуметтік әлеуеті жақсарады. Біздің елде сырттан келген инвесторларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан, бәрі ойдағыдай болады, деп ойлаймын. Қызылорда мен Қожаелінің бизнес топ өкілдері жақында бір-бірімен тәжірибе алмасу үшін аймақтарға сапар жасайды. Бұл - біз үшін өте маңызды.
 
Сапар барысында Қызылорда облысында туризмді жандандыру жайы да сөз болды. Аймақ бұған толықтай қауқарлы.
 
Тұла бойы тұнып тұрған тарихи өңірге, әсіресе, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Қамбаш көліне болашақта шетелдік туристер көптеп ағылатын болады. Оған жақында Қызылордада ашылатын халықаралық әуежай да  септігін тигізбекші.
 
Джафер Козлуджа, туристік компанияның директоры:
Әуежай пайдалануға берілген соң, Қызылорда Стамбул қалалары арасында тікелей рейс ашылады. Аймақтың тарихи жерлерін  жарнамалап, халықаралық деңгейге шығару керек. Бір Қорқыт ата кесенесінің өзін көргісі келетіндер қаншама. Байқоңырда зымыран ұшыру сәтін тамашалағысы келетін туристер жетіп-артылады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін біз қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз.
 
Қызылорда облысы мен Қожаелі провинциясының өндірістік палаталары арасында іскерлік меморандумға қол қойылды. Көп ұзамай қағазға қатталған екі жаққа да тиімді жоспарлы жобалар жүзеге асатын болады.
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу