Қазақстан мен Кореяның сауда байланысы артпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Кореяның сауда байланысы артпақ

19.06.2014
Қазақстан мен Кореяның сауда байланысы артпақ

Еліміздің Оңтүстік Корея мемлекетімен сауда-саттық байланысы бекімек.

 
Бүгін Алматыда «Жаңа Жібек жолы: Корея - Қазақстан» тақырыбы аясында екі тарап кәсіпкерлері бас қосты.
 
Мақсат - екі жақтың сауда байланысын нығайтып, Қазақстан-Корея бірлескен жобаларын жүзеге асыруға инвестиция тартуды қарастыру.
 
Корей мемлекетінің алдыңғы қатарлы 4 компаниясы мен ел кәсіпкерлері қатысқан бұл кездесу, қос тарапқа да тиімді. Алдымен бірлескен жобалар іске асады.
 
Қазақстан үшін  экономикасы өркендеген корейліктерден инвестиция тарту оң шешілмек.
 
Ал, Корея Республикасы Қазақстанмен сауда қарым-қатынасын дамыту арқылы Кедендік және Еуразиялық Экономикалық одақпен экономикалық байлынысын нығайтуды көздейді. 
 
Со Бён Тэк, Кореяның Ресей Федерациясы Елшілігіндегі сауда бөлімінің бас директоры:
Қазақстан мен Корея сауда-саттық байланысы 2006 жылдан қарқын алды. Ал, тараптардың бүгінгі кездесуі сауда байланысының бұрынғыдан да артуына серпін бермек. Әсіресе, электр техникасы, тамақ, машина жасау салаларында байланыс артады, деп ойлаймын.
 
Бүгінгі меморандум аясында екі жақтың ірі-ірі 4 компаниясы мен елдегі Корей шағын және орта бизнес қауымдастығы арасында 2 миллион долларға жуық қаржының келісіміне қол қойылды.
«Hyundai» корпорациясы мен «Alageum» электр холдингі көшті бастап, келісімшартқа отырды.
 
Марат Сайднасимов, «Alageum»холдингінің бас директоры:
Корея компаниясының 2 түрлі тауар өндіруі жөніндегі меморандумға қол қойылып отыр. Біріншісі - ваккумдық автоматты түрдегі ажыратқыштар, екіншісі - төменгі кернеудегі ажыартқыштар. Мұндай тауарлар бұрын-соңды Қазақстанда өндірілмеген.
 
Сәтін салса, келер жылы елде бірнеше өндіріс орны ашылады. Орал, Шымкент, Кентау қалаларын қамтыған жаңа кәсіпорындарда отандық электр тауарлары өндіріліп, Ресей, Орталық Азия елдеріне экспорттау көзделуде.   
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу