Алматыда селдің қаупін сейілту шаралары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда селдің қаупін сейілту шаралары басталды

07.03.2019

Биыл Алматыда 12 аймақта, ал, Алматы облысында 35 елді мекенде сел және су тасу қаупі бар. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары апаттан сақтану шараларын бастады. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин бастаған топ тікұшақпен тау бөктерлерін шолып шықты. Өйткені қазір Қаскелең, Талғар, Ақсай шатқалдарында қар қалың.

Көктем келіп, күн жылыса, алматылықтарды жылда сел қауіпі алаңдатады. Өйткені Іле Алатауында ірілі-ұсақты 40-қа жуық көл бар. Бүгін мамандар сол көлдердің қазіргі деңгейін көріп шықты. Бірақ барлық көл қар астында жатыр. Сайларда да осы жағдай. Демек, қар еріген кезде су көлемі көтерілуі мүмкін. Өйткені «Қазгидромет» өкілдерінің мәліметінше, биыл таудағы қардың қалыңдығы 83 сантиметрден асады.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қатқан жердің қалыңдығы 20 см-ді құрап тұр. Бұл былтырғы кезбен салыстырғанда 5 есе аз. Үлкен, Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде қардың қоры 114 мм-ді құрайды. Бұл нормаға сәйкес.

2015 жылы Қарғалы өзенінде болған алапат селден кейін Алматыда апаттан сақтану жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен 2 жылда 13 шақырым өзеннің жағасы таспен жабылып, 24 шақырым арық жүйесі салынған. Сондай-ақ, Кіші Алматы өзеніндегі «Мыңжылқы» бөгеті қайта жөндеуден өтіп, сол арқылы қойманың су тежеу мүмкіндігі екі есе артқан.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Бізде осы наурыз айында күннің күрт жылынуы мүмкін деген ақпарат бар. Ал, сәуір мен мамыр айларында жауын-шашын да көп түсуі мүмкін. Сол себепті, Алматы қаласы бойынша 12 аймақ, ал облыс көлемінде 35 елді мекенде сел және су тасу қаупі бар. Қазір содан сақтану шараларын қолға алып жатырмыз.

Мамандар мамыр айынан бастап, көлдердің қасында арнайы штаб құрмақшы. Апат айтып келмейді. Сондықтан сел және су тасқыны болған жағдайда көмек беретін 7300 адам мен 160 техника жұмылдырылған арнайы жасақ та дайын. Сондай-ақ, жасанды бөгет салуға 670 тонна құм әзірленген.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу