Қазақ-корей кәсіпкерлерінің бірлескен форумы өтті

19.06.2014
Қазақ-корей кәсіпкерлерінің бірлескен форумы өтті
«Технологияларды – ресурсқа алмастыру». Қазақ пен Корея қарым-қатынасы  осы формуланың аясында өрбімек.
 
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Оңтүстік Корея елінің басшысы Пак Кын Хе екі ел кәсіпкерлерінің форумын ашты. Жиынға Қазақстан тарапынан 150 бизнес-мекеме, Корея тарапынан да 150 компания қатысты.
 
Олардың ішінде әйгілі «Samsung» «Hyundai» корпорациялары да бар.
 
Елбасы жиынашар сөзін  «Корей халқы Қазақ үшін бөтен жұрт емес», деп бастады. 30-шы жылдары 100 мың корей біздің елге жер аударылғанын, қазақтың қамқорлығының арқасында олар өсіп-өнгенін, бүгінде  ел экономикасына үлкен үлес қосып жүргенін айтты.  
 
Бүгінгі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетіп отыр. Шикізаттық емес саладағы ынтымақтастық жақсарып келеді.
 
Қазірдің өзінде 300-ден аса бірлескен кәсіпорын құрылған.  Сөз соңында Елбасы кореялық бизнес өкілдерін Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуға шақырды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Компаниялар корпоративтік және табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Олардың күрделі шығындарының 30 пайызы өтеледі. Жұмыс күшін тарту квотасыз және рұқсаттамаларсыз жүзеге асады. Сондай-ақ, екі ел арасында визасыз режим орнатылады. Осының бәрі екі мемлекет үшін де ыңғайлы және тиімді бизнестік ахуал  қалыптастырады.
 
Іле мінберге шыққан Корея Республикасының президенті осы сапарына айрықша мән беретінін, өйткені, Қазақстан Орталық Азия, қала берді, Еуразиялық өңірде  корей жұрты үшін маңызды серіктес саналатынын атап айтты.
 
Пак Кын Хе, Оңтүстік Корея Президенті:
Біз екі елдің бірлесе дамуына және Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосу жөнінде келісімге келдік.
 
Екі елдің президенттерінің мәлімдемесінен соң екі жақтың бизнес құрылымдары - медицина, туризм, экология, машина құрастыру, кеме құрастыру, ауыл шаруашылығы, білім беру саласы бойынша меморандумға қол қойды.
 
Осы жолы Қазақ Ұлттық университеті корейлік оқу ордасымен денсаулық сақтау саласы бойынша үлкен келісімге қол жеткізді.
 
Ғалым Мұтанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:
Оңтүстік Кореядағы әріптестер - Онсу университеті, оның жанындағы  «Каннам Северанс» деген үлкен орталығымен бірігіп, университет қалашығында үлкен медика-биологиялық кластер жасап жатырмыз. Оның бірінші сатысында диагностикалық орталықты аяқтап бітірдік.
 
Форумнан соң екі елдің басшысы Республикадағы ең беделді оқу орны - Назарбаев Университетіне барды.
 
Саяси һәм экономикаға қатысты бар шаруаны тәмамдаған соң қос елдің президенті мәдениет ошағына қарай бет алды.
 
«Астана Опера» театрына бас сұғып, қазақ өнерін тамашалады.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу