«Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған өзекті мәселелер туралы өнер адамдарының ойлары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған өзекті мәселелер туралы өнер адамдарының ойлары

06.03.2019

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, мәдениетін өркендету туралы міндеттер қойды. «Бұл тамыры тереңде жатқан қазақ халқының байырғы өркениетін қайта жаңғыртатын жаңа мүмкіндік» дейді өнер саласының майталмандары. Олардың сөзінше, іргелі істерді ілгерілетіп, әлеуметтік мәселелермен бірге мәдениетімізді көтеру де қажет. Себебі, әлемдік қоғамдастық тарихи дүниелерін түлетуде осы заманның технологиялық жетістігін пайдаланып жатыр.

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев 20 жылда қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, әр саладағы оң өзгерістердің басында жүрген «Нұр Отан» партиясының рөліне айрықша тоқталған еді. Сондай-ақ, Президент елдегі азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндігін де қадап айтқан. Мұны түрлі саланың еңбеккерлері әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған игі шаралар, деп бағалады.

Азамат Сатыбалды, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

- Елбасымыздың халыққа Жолдауында үлкен бір үміт бар, Елбасымыздың әрбір айтқан сөзінде сенім бар. Болашаққа деген үлкен бір бағдар бар. Сол арқылы біз өсеміз, сол арқылы біз өнеміз.

Мемлекет басшысы «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралар бағдарламалық баяндамасында халықтың әл-ауқатын арттыру жұмысы жанданатындығын айтты. Мәселен, 1 шілдеден бастап бюджеттік саланың еңбекақысы төмен қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға дейін өседі. Ал, 1 млн. азаматтық қызметшіге арналған жоба ішінде мәдениет саласында жұмыс істейтін мамандар да бар.

Ая Қалиева, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры:

- Біздің өнер ұжымы бұл бастамаларды жақсы қабылдады. Себебі, ауылдық жерлердегі өнер ұжымдары тұрмыс түзелгеннен кейін қайта жаңғырады деген сенімдеміз. Біздің ұжымда да көпбалалы аналар бар.   

Мәдениеттің қаймағы бұзылмаған шалғай елді мекендер «Ауыл – Ел бесігі»  арнайы жобасының аясында бой тіктейді. 1500 ауылдың жағдайын көтеру үшін алдағы 3 жылда 90 млрд. оның ішінде 30 млрд. теңге биыл мемлекеттік қазынадан бөлінеді. «Сондықтан, «Алтын бесік» ауылдардың тұрмысы түзелсе, мәдениеті көтеріледі», - дейді өнер қайраткерлері.   

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу