Қазақстан Қытайдан екі ел шекарасындағы қазақстандық өткізу пунктін жетілдіру үшін 2 миллиард юань, яғни, 100 миллиардқа жуық теңге қарыз алуды жоспарлап отыр. Негіздемелік келісімді ратификациялау туралы құжатты депутаттар мақұлдады. Бұл жеңілдетілген әрі ұзақмерзімді несие. Яғни, Қазақстан тарапы оны 2 пайыз үстемақымен 20 жыл бойы қайтарады. Есесіне 9 автокөлік және 1 теміржол бекетіне жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса, оларды толықтай техникалық жабдықтау көзделіп отыр. Бұл бастама ел шекарасындағы көлік жүктемесін азайтып, бюджетке қосымша қаржы әкеледі. Жаңғырту жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы керек.
Жанат Омарбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Болжам бойынша кедендік пункттердің қабілеті қаншалықты ұлғаймақ және салықтар түсімі қаншалықты көбейетін болады?
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі:
- Өткізу пункттерінің қабілеттігі 12 есе артады. 5500-ге дейін жетеді. Салық түсімдері де көбейеді деп күтудеміз. Транзиттік хаб потенциалы ұлғайтылады.
Индира БЕГАЙДАР