Кәріз суын көшеге төгіп кететіндер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәріз суын көшеге төгіп кететіндер көбейді

05.03.2019

Астанадағы жеке жүргізушілер жер үйлердің кәріз жүйесін тазалап, шыққан лас суды арнайы белгіленген орынға дейін жеткізбейді. Заңды бұзатын көбіне жеке кәсіпкерлер. Тіпті астынан электр сымдары өтетін құдыққа да құйып кеткен деректер де бар.

Бұл - тұрғындардың түсірген бейнежазбалары. Қаланың қақ ортасына төккен кәріз суы күлімсі иіс шығарғанымен қоймай, айналасына ауру таратуы да мүмкін. Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, заң бұзған тұлғаға кемінде 20, ал ірі кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. 1 жылдың ішінде тағы қайталаса, айыппұл көлемі 2 есе көбейеді. Тіпті, көліктерін де тәркілеуі мүмкін.

Нұрлан Нұржанов, Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясының қызметкері:

- 2019 жылдың басынан бері полиция қызметкерлерімен зәрнәжіс суларын белгіленбеген орындарда төккені үшін 2 млн 400 мың теңгеге жуық соманы құрайтын 50-ден астам құқықбұзушылық анықталды.

Ал, мынау қалдық суды төгуге арналған орын. Онда құйылған лас су арнайы сүзгіден өткізіліп, тазартылады. Қоршаған ортаға зияны тимейтіндей күйге жеткізілген соң өзенге ағызылады. Бұл мәселеге қатысты жүргізушілердің өз позициясы бар. Арнайы орындар бір бірінен тым алыс орналасқан. Оларға кей шағын аудандардан жеткенше көрсететін қызметтерінің құны шарықтап кетеді. Ал, қымбат болса тұрғындар шақыртпай қоюы мүмкін.

Астана қаласы бойынша кәріз суын төгетін 4 арнайы орын бар.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу