Үйі өртеніп, далада қалған көпбалалы отбасыға ҚХА мүшелері үй салып бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үйі өртеніп, далада қалған көпбалалы отбасыға ҚХА мүшелері үй салып бермек

01.03.2019

Қарағанды облысының Балқаш қаласында пәтері өртеніп үш баласымен далада қалған отбасына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер көмек қолын созды. Жұрт болып жұмылып, асарлатып, баспананы қайта қалпына келтіріп жатыр.

18 ақпан күні Серікбол мен оның жұбайы жұмысқа кеткен. Ал, 15 жастағы үлкен ұлы сабақта еді. Пәтерден өрт шыққанда үйде 4 және 5 жастағы екі бүлдіршін болған. Абырой болғанда, Арсен есімді көрші жігіт екінші қабатқа сырттан өрмелеп кіріп, балақайларды аман-есен алып шыққан.

Үш баласымен далада қалған отбасына жұрт сол күнде-ақ көмекке ұмтылды. ҚХА өкілдері мен кәсіпкерлер, мекеме ұжымдары қаржылай, заттай қолдау көрсеткен. Қазір үш бөлмелі пәтерді қайта қалыпқа келтіріп жатыр.

Серікбол Жанайдарұлы, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Барлығы көмектесіп жатыр. Халықтың бірлігі, көршілердің татулығы, міне, осындайда білінеді екен. Мен жалғыз болған жоқпын. Әркім өз қолынан не келеді, солай көмектесіп жатыр. Барлығына алғысым шексіз!

Қиындыққа душар болған отбасына көмектесушілердің арасында түрлі этнос өкілдері бар. Мәселен, қаладағы электроникалық бұйымдар сататын мына әмбебап дүкеннің иесі пәтерді жөндеуге қомақты қаржы берген.

Екатерина Надъярная, дүкен менеджері:

- Өрттен балалардың аман қалғанына біз өте қуаныштымыз. Отбасының баспанасы тезірек жөнделіп өз шаңырақтарына қайта кірулеріне тілектеспіз. Біз ұлтқа, әлеуметтік жағдайымызға, беделімізге қарамай, кез келген қиындықта бір-бірімізге қамқор болуымыз керек. Бауырмал қазақ халқымен қашан да біргеміз. Ел бірлігі нығая берсін!

Ал, балаларды өрт кезінде үйден алып шыққан Арсенді қала басшылығы Алғыс айту күніне орай марапаттады. Бір отбасының берекесін осылайша сақтап қалған балқаштықтардың игілікті ісі көпке үлгі.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу