Қазалы ауданының Түктібаев елді мекенінде 23 егіз тұрады. Үлкені 40-та, кішісі - 1 жаста. Жұптары жазылмай, жарасымды өмір сүріп жатқан егіздерді біздің тілшіміз де көріп келді.
Бұл - Еркемай мен Еркетай. Туғаннан бері жұптары жазылған емес. Түрлері басқа болғанымен, мінездері ұқсас, қабілет-қарымы бірдей, бірақ көзқарастары әртүрлі. Сондықтан үнемі бірін-бірі толықтырып жүреді.
Еркемай, Еркетай Дәрібаевтар:
- Егіз болған күшті. Сабақты бірге оқисың, бірге қайтасың, бірге ойнайсың. Бір-бірімізге көмектесеміз.
Мира Қобланбаева, егіздердің анасы:
- Екеуінің айырмашылығы жоқ. Бірдей ойнайды, бірдей күледі, бір-бірін іздеп тұрады.
Бекзат пен Саят та – егіз. Қайда жүрсе де бірге. Олардың түрі де ұқсас, қызығушылықтары да бірдей. Мектептегі «Робототехника» үйірмесіне қатысады. Ал, Ақниет пен Ақтілек - ауылда өтетін мерекелік шаралардың белсенді қатысушысы. Балақайлар өнерді сүйеді. Жалпы, ауылдағы білім ошағында 10 егіз бар.
Қуандық Қожалепесов, мектеп директоры:
- 5-6-шы сыныптың оқушылары көбінесе жаратылыстану бағытындағы пәндерге бейім. Ал, бастауышта білім алып жатқан оқушыларымыз көп жағдайда эстетикалық пәндерге, мектепішілік түрлі іс-шараларға, өлең айтуға бейім. Ал, 9-сыныпта оқитын балаларымыздың гуманитарлық пәндерге бейімділігі бар.
Түктібайда бала туу көрсеткіші 2000 жылдан бастап артқан. Қазір ауылда 23 егіз тұрады. Мұның себебін дәрігерлер ғылымға негіздейді.
Күлпатша Баймағамбетова, ауылдық емхана меңгерушісі:
- Егіз бала туу тұқым қуалайды. Ғылыми деректерге сүйенсек, егіз бала қарапайым отбасында дүниеге келеді екен. Дені сау, жаны таза, сана сезімі уланбаған, тектілігін, қасиеттілігін сақтаған отбасында дүниеге келеді екен.
Ауылда жылына 35-40 сәби дүниеге келеді. Қазір 300-дей отбасы бар. Егіздердің жиі тууын тұрғындар қалыпты жағдай деп қабылдайды. Тек олар Еділ мен Жайық, Ерқанат-Нұрқанат, Айдана-Айбек, Толғанай-Толағай, Алмат-Самат, Айжан-Маржандар жақсы азамат боп өссе дейді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ