Шу ауданынының тұрғыны Lamborghini-ге ұқсас көлік құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шу ауданынының тұрғыны Lamborghini-ге ұқсас көлік құрастырды

27.02.2019

Өнертапқыш ол туындысын жасауға әртүрлі ескі көліктердің бөлшектерін қолданған. Сыртқы пішіні кәдімгі Lamborghini-ге ұқсас гибрид көлік көпшіліктің қызығушылығын тудыруда.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Lamborghini маркалы машинаның баламасы ретінде жасалған мына көлікке шебер «Фидана» деген атау берген. Мұны құрастыруға тоғыз жыл уақытын сарп етіпті. Жүруге жарағанымен, құжаттары болмай, аулада шаң басып тұр.

67 жастағы Мея Тафиков Шу ауданының Қонаев ауылында тұрады. Жастайынан радиотехника мен электрониканы меңгерген жан зейнетке жақындағанда түрлі көліктерді құрастыруға құмарта бастапты. Көліктің сызбасынан бастап сырлауына дейін өзі жасап шыққан. Қазір спорт көлігінің салонын сәндеу ғана қалды. Жазда техниканы сынап көріпті.

Мея Тафиков, өнертапқыш:

- Мына көліктің барлық бөлшегі қолдан жасалған. Электроникасы мен моторына дейін жаңартылған. Бірақ онға жуық көліктің бөлшектері бар десем болады. Алғашында бұл көлікті ұшатын етіп жасағым келген. Оны жасауға да болатын еді. Бірақ оған көп қаражат кетеді. Әрі құжат жинауға қиналамын.

Автокөлік шебері 70-інші жылдары алғаш рет өз көлігіне алыстан басқаратын пульт ойлап шығарған. Ауыл тұрғындарына баламалы энергия алатын генератор орнатумен айналысқан. Техниканың тілін мейлінше меңгерген азаматтың тапқырлығын ауылдастары да аңыз қылып айтып жүреді.

Техникаға ынтасы жоғары ауыл тұрғыны құжат жинауға құлықсыз екенін айтады. Жылдар бойы құрастырған көліктің игілігін көруге құжаттың жоқтығы ғана кедергі болып тұр. «Егер бұл көліктің техникалық төлқұжатын түгендесем, спортқа арналған жүк көлігін жасауға кірісемін»,-дейді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу