Ақтөбедегі саяжайлардың сүреңсіз тірлігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі саяжайлардың сүреңсіз тірлігі

21.02.2019

Ақтөбе қаласының өзінде 45 мың адам саяжайларда тұрып жатыр. Бұл аумақтарда өрт оқиғалары жиі болады. Соңғы кездері ұрлық та көбейген. Тұрғындардың арасында тіпті, жылдап жарықсыз отырғандары да бар.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл үйде тұратындардың 2,5 жылдан бергі тірлігі осы. Кеш батқаннан таң атқанға дейін мынадай балауыз шамның жарығымен амалдайды. Бұл шам түнде құлап кетіп, өртеніп кетеміз бе деп те алаңдайды.

Гүлшара Аймағамбетова саяжайда орналасқан бұл шағын үйде баласы екеуі ғана тұрады. Тамақ әзірлеп, баспананы жылыту үшін күні бойы ошақтың қасынан шықпайды. Бәрінен қиыны – жарықтың жоқтығы. Бақша екпесе де, суға қарызсың деп, кооператив басшылығы қиып тастаған. Жалғызбасты ана көмек сұрап талай табалдырықты тоздырғанмен, әзірге нәтиже жок.

Гүлшара Аймағамбетова, саяжай тұрғыны:

- Қорқамыз, мына оттың қайта-қайта есігін қарап, астын тіреп. Ұйықтап жатқанда от дұрыс жанбай, иіс тиіп, өліп қалуымыз да мүмкін ғой. Екеуміз тұрамыз, үйде жарық та жоқ.

Саяжайда тұратындардың көбінің жарығы болса да, қаупі басым. Әсіресе, тілсіз жаудан қорқады. Себебі ығы-жығы орналасқан баспаналарда қауіпсіздік шаралары сақтала бермейді. Жыл басталғалы екі үй өртенді. Бұл аз болғандай соңы уақытта үй тонаушылар көбейген.

Ажар Ахметова, саяжай тұрғыны:

- Былтыр біздің үйге ұры түсті. Терезеден кірген. Бірақ ұрылар табылмады. Учаскелік полицейлерді көрмейміз.

Қала әкімдігінің өкілдері «мұндай мәселелерді бірден шеше салу оңай емес»,-дейді. Саяжай аумақтарының орнына көпқабатты тұрғын үйлер салу жоспары бар. Бірақ оған әзірге инвестор жоқ. «Мұндай аумақтарды жеке тұрғын үй мәртебесін берген соң ғана толық бақылауға болады»,- дейді мамандар.

Шаһар аумағында 400 саяжай ұжымы бар. Онда 45 мың тұрғын бар. Демек, жұрт әкімдіктің шешімін әлі ұзақ күтетін секілді. Гүлшара Аймағамбетованың да мәселесі жарты жылдан кейін ғана қаралмақ. Тағаты таусылған ана баспанасын сатуға шығарғанмен, жылуы мен жарығы жоқ үйге қызығушылар табылмай отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу