Суды үнемдеу – басты қажеттілік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Суды үнемдеу – басты қажеттілік

19.02.2019

Жазғытұрым Сыр өңірінің диқандары егінге тіршілік нәрін жеткізе алмай, қиыншылыққа тап болады. Жылда қайталанатын мәселеден құтылу үшін суды қатаң үнемдеу шаралары қолға алынып жатыр. Жобаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігі қолдауда. Олар осылайша күріш өнімін мол алуға жәрдемдесіп отыр.

Осыдан шамамен 50-60 жыл бұрын Қызылорда өңірінде инженерлік жүйеге келтірілген 250 мың гектардай суармалы алқап болатын. Алайда, бүгінде оның 60 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Оған себеп көп. Су қорының жетіспеушілігі жағдайында егістік алқаптарына баратын каналдардың көміліп, гидротехникалық құрылғылардың істен шығуы себеп. Мәселен, бұл жерде қалқанның жоқтығынан және оның тозуынан су үнемделмейді.

Сондай-ақ, каналдар мен қашыртқы кәріз жүйесі тазаланбайды. Кесірінен бұл жерлерде қамыс, жиде, жыңғыл өсіп кеткен. Ол аздай, жерасты суы деңгейінің көтерілуінен топырақтың екінші қайтара тұздану үрдісі жүріп жатыр.

Жанұзақ Байманов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми- зерттеу институты Білім тарату орталығының жетекшісі:

- Каналдарды тазалау, каналдардағы су беретін құрылыстарды жөндеуден өткізу керек. Екінші проблема күріш атыздарының жері тегіс емес. Соның салдарынан алқаптардың кейбір бөлігіне су көпе құйылады немесе керсінше жетпейді. Соқамен айдау кезінде жердің тегістігі бұзылады.

Түйткілді шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі даму бағдарламасы көмекке келді. Олар жаңа технологияларды енгізу арқылы 2015 жылы 20 гектар, 2016 жылы 33 гектар жерді қайта қалпына келтірді. Сонымен қатар, 11 шақырым канал тазартылды.

Бақтияр Садық, ғалым, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

- Мына Сыр өзені бізге басқа елдерден келеді. Оларда да халық өсіп жатыр, оларда да су тапшылығы көп болады. Сондықтан бізге келетін су мөлшері жылдан-жылға азая бастайды. Сондықтан қазірден бастап күріш егістігін әртараптандыру қажет. Бұл - кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Екіншіден, су үнемдеу технологияларын батыл түрде, жүйелі түрде өндіріске енгізу қажет.

Күріштің 1 гектарына 30-31 мың текше метр су жұмсалады. Алдағы уақытта 27 мың текше метр су пайдалану жоспарда бар. Яғни, жұмыс осы қарқында жалғасса, гектарына 30 пайыз суды үнемдеуге болады. Алайда, егістік алқаптарын толығымен қалпына келтіруге Біріккен Ұлттар Ұйымының қауқары жетпейді. Диқандар мемлекеттен қосымша көмек сұрап отыр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу