Ақтөбелік тұрғын жұмысқа тұру үшін мектеп директоры пара сұрады деп шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік тұрғын жұмысқа тұру үшін мектеп директоры пара сұрады деп шағымданды

12.02.2019

«Жұмысқа кіру үшін мектеп директоры 200 мың теңге пара сұрайды!». Ақтөбе қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде осылай деп шағым айтқан Ләззат Бадауова шаһардың Алматы ауданында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын да сынаған еді. Оның сөзінше, халыққа тегін берілуі тиіс электронды сандық қолтаңбалар сатылып келген. Бұған билік өкілдері не дейді? Жалғызілікті ананың шағымы тексеріле ме?

Жалғызілікті ананың мәлімдемесі үш күннен бері жұртшылықтың қызу талқысына түсті. Қала әкімінің есептік кездесуінде сөз алған Ләззат Бадауованың пікірі жиналғандарды бірден елең еткізді. Асыраушысынан айрылған келіншек нанды дүкеннен қарызға алып жеп отырғанын ашына жеткізді.

Ләззат Бадауова, қала тұрғыны:

- Бір бала өсіріп отырмын. Өзім бір айдан бері жұмыссызбын. Әр мектептің есігін тоздырып жүрмін. Олар менен 200 мың теңге пара талап етеді. Мені кім асырайды?

Ләззат Бадауова кінәлап отырған адам - осы. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы мектеп директоры. Ол халық алдында өзіне жала жабылғанын айтады. Кінәсіз екенін кез келген жерде дәлелдеп шығатынына сенімді. Айтуынша, Бадауова 2017 жылдың қыркүйегінде білім ордасына жұмысқа қабылданған. Алайда, ұжыммен тіл табыса алмай, 9 күннен кейін өз еркімен кетіп қалған.

Абзал Тәжімішов, №60 орта мектеп директоры:

- Менімен жұмыс істеген адамдар осы кісіні жұмысқа алсаңыз деп өтініш білдірді. Оны ашық айта аламын, ешкімнен қорықпаймын. Қазір де айтып тұрмын. Жемқорлыққа қарсы агенттік тексерсін. Жауап бере аламын.

Ләззат Бадауованың мәлімдемесі Алматы ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарын да аяғынан тік тұрғызды. Ол «Бұл жерде электронды сандық қолтаңбалар сатылады, орталық басшысы көшірме аппараты арқылы заңсыз ақша тауып отыр», - деп айыптаған еді.

Еркінбай Жүсіпұлы, ХҚКО №3 бөлімінің басшысы:

- Электронды сандық қолтаңбалар сатылмайды. Ол жалған ақпарат. Ксерокөшірменің маған қатысы жоқ. Ол жеке кәсіпкердікі.

№60 мектеп қызметкерлері де Бадауованың жала жауып отырғанына сенімді. Қолдарында бұрынғы әріптестері жазған хабарламалар сақталыпты. Онда келіншек мектеп басшылығына қоқан-лоқы көрсеткен.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Егер кімде кім кінәлі болса, заңды бұзса, қалтасына пара салса, мектептің директорын да,  бәріне тапсырма береміз, тексереміз!

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, сала мамандарын айыптаған келіншекті жұмысқа орналастыру жағы шешіліп жатыр. Ал, әкім кездесуінде айтылған мәселе рас па, жоқ па, оны тексеру нәтижесі көрсетеді.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу