Астанадағы жер үйлерге улы газға әсер ететін құрылғылар орнатыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы жер үйлерге улы газға әсер ететін құрылғылар орнатыла бастады

11.02.2019

Биыл жыл басталғалы бері Астана қаласында 70-ке жуық өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның тең жартысы тұрғын үй секторларында орын алған. Осы себепті мамандар қауіпті орындарды қауіпсіздендіруге кірісті. Улы газға әсер ететін құрылғыларды көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін орнатып жатыр.

Соңғы кездері уайымы күшейгендердің бірі – Қарлығаш Баймұратова. Көпбалалы ана жалға алған аядай үйді пешпен жылытады. Алайда, от дұрыс тұтанбай, түтін іште қалған кездер бір емес бірнеше рет болған. Сол себептен, 5 баланың анасы мамандардың бүгінгі ұсынысын қуана қабылдады.

Қарлығаш Баймұратова, Астана қаласының тұрғыны: 

- Бұл кұрылғы бізге қажет, өйткені бес баланың оқиғасына байланысты, ұйқымыз тыныш болады. Түтін, улы газ шығып жатса, сигнал береді.

Құрылғы кішкентай ғана болғанымен, қуаты күшті әрі аса сезімтал. Улы газға қарсы әсер етеді. Үйде көмірқышқыл газы мөлшерден сәл асса, бірден белгі беріп, дабыл қағады. Яғни, қауіп-қатердің алдын алады. Астана қаласында мұндай құрылғы осы аптада мыңнан астам отбасыға орнатылады. Демеушілердің есебінен тегін. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Көмірқышқыл газын анықтауға арналған құрылғылар орнатылып жатқанымен, кейбір үйлерде қарапайым қағидалар сақталмайды. Яғни, өрескел заңбұзушылықтар орын алып жатқан көрінеді. Мысалы, мына үйде тоқ сымдары қауіпті жағдайда тұр. Мамандардың айтуынша, бұл жерде кез келген жағдайда тілсіз жау орын алуы мүмкін.

«Өрт қауіпсіздігіне салғырттық танытқан бұл бір ғана отбасы емес. Олардың саны тым көп», - дейді мамандар. Сол себептен құрылғы орнатылғанымен мәселе толық шешіле салмайды. Алдымен, тұрғындардың жауапкершілігі артуы тиіс. Ал, қайырымдылық керуені елдің барлық өңірлерінде алдағы күндері де жалғаса беретін болады. Өйткені тек былтырдың өзінде бір ғана Астана қаласында 700 өрт оқиғасы тіркеліп, он адам ажал құшқан.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу