Мәскеу қаласында Дүниежүзілік мұнай конгресі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу қаласында Дүниежүзілік мұнай конгресі басталды

16.06.2014
Мәскеу қаласында  Дүниежүзілік мұнай конгресі басталды
 
Мәскеу қаласында Дүниежүзілік мұнай конгресі басталды. Мұнайшылар үшін айрықша маңызға ие бұл жиынға «Kazenergy» қауымдастығына мүше қазақстандық компаниялар қатысуда.
 
Отандық делегацияны еліміздің Мұнай және газ министрі  бастап барды.
 
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Дүниежүзілік мұнай конгресі бейресми түрде «Мұнайшылардың олимпиадасы» деп аталады. Себебі 3 жылда бір-ақ рет өтетін бұл жиынға көмірсутегі саласындағы әлемнің ең үздік компаниялары мен білгір мамандары келеді. Бұл жолғы жиынға Қазақ елі аса белсенді қатысуда.
 
Конгресс аясында ауқымды көрме өтті. Шараға мұнай саласындағы әлемнің ең мықты, алпауыт компаниялары қатысуда. Олардың арасында бір стендке біріккен қазақстандық кәсіпорындар да бар.
 
Дамиано Ратти, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры:
Ғаламдық энергетикалық жүйедегі Қазақстанның орны жылдан-жылға артып келеді. Себебі Қазақстанда Қашаған, Қарашығанақ сынды ірі жобалар іске асуда. Оның үстіне Қазақстандағы инвестициялық ахуал да қолайлы. Үкімет тарапынан шетелдік инвесторларға соңғы жылдары көптеген жеңілдіктер жасалды.
 
180 шаршы метрге созылған Қазақстанның көрмесі 3 бөліктен тұрады. Олар -  еліміздің инвестициялық тартымдылығы, іске асып жатқан ірі жобалар және 2017 жылы өтетін EXPO көрмесі туралы.
 
Вагит Алекперов, «Лукойл» компаниясының президенті:
Капитал, технология және мұнай саласындағы стандарттардың емін-еркін қозғалысы бізге оң әсер етеді. Қазір «Лукойл» компаниясы Қазақстан аумағындағы жаңа жобаларға қатысу мәселесін қарастыруда. Біз алдағы уақытта да инвестицияға құюға дайынбыз. Яғни, Еуразиялық интеграциялық процестер бизнестің дамуына ықпал етеді.
 
Көрме кезінде арнайы шағын жиындар өткізіліп, өзге елдің ресми органдары мен бизнес қауымдастығына, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.
 
Жиналған қауым таяуда ғана Бурабайда өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің қорытындысымен де хабардар болды.
 
Ұзақбай Қарабалин, Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі:
Елбасының және Үкіметтің шешімдерін, инвестиция алып келетін компанияларға берілетін жеңілдіктер мен мүмкіншіліктерін ескере отырып, қызығушылық білдіруде. Бұл біздің еліміз, біздің мұнай өндірісіміз осылай дамып келе жатқанына және болашақта үлкен мүмкіншілігі бар екеніне қуантып отыр.  
 
Дүниежүзілік мұнай конгресі әлі бірнеше күн болады. Ертең біздің тарап министрлердің кездесуін өткізгелі отыр.
 
Жиында Қазақстанның мұнай-газ саласы жан-жақты талқыға түседі.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу