Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ

05.02.2019

Қызылордалық Иса Бейсенов - Вьетнам жерінде соғысқан жалғыз қазақ. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарында қиын-қыстау сәттерді бастан кешірген Вьетнам жұртшылығына көмек көрсетуге аттанған Кеңес әскерінің құрамында болды. Жан қиярлық соғыста ерлік көрсеткен батыл ерді Вьетнам үкіметі ерекше құрметтейді.

1964-67 жылдары әскери борышын өтеп жүрген жас жігіт ойламаған жерден Вьетнам жеріне аттанды. Үкімет арнайы ракетамен қаруланған әскери полк құрған. Полкте орыс, украин, латыш, өзбек және қазақ болды.

Иса Бисенов, соғыс ардагері:

- Оларда ең қиыны - жер тапшылығы. Сондықтан біз ракетаны елді мекендердің ішіне орналастырамыз. Ракеталарды қолданғанда от шашырап, лашықтар өртеніп, үлкен дәрежеде зиян келтіреді.

Жаумен арпаласып жүрсе де, Вьетнам жұртшылығы еңбектен қол үзген жоқ. Шайқастардың арасында жер тырмалап, егін егіп, күріш алқаптарында тынымсыз тер төкті. Иса қария ауызбіршілігі мықты, отанын шексіз сүйетін халқы бар елдің жеңіске жететініне, тәуелсіз мемлекет құрып, болашақта өсіп-өркендейтініне сенгенін айтады. Расында да солай болды. Қарт жауынгер сол жеңісте өзінің де үлесінің бар екеніне марқаяды. Әлі күнге дейін Вьетнам жұртының жанкештілігіне, отансүйгіштігіне тәнті. Ол жақтағы әрбір қиындық, әрбір әсерлі сәт ешқашан ұмытылмайды.

Иса Бисенов, соғыс ардагері:

- Түнде тұрғындармен кездесіп, ән кештерін өткізетінбіз. Мен «Бәрінен де сен сұлуды» орындаған едім.

Вьетнам Республикасының жұртшылығы қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беріп, елді қорғауға атсалысқан сырбойылық ардагерді үнемі іздеп тұрады. Иса Бисенов - «Вьетнамның құрметті азаматы». Қазақ елінің мәртебесін арттырып, майдан даласынан абыроймен елге оралған Иса Бисенов есімін көпшілік біле бермейді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу