Таразда нан бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда нан бағасы қымбаттады

04.02.2019

Таразда нан бағасы 5 теңгеге көтеріліп, 70 теңгеден сатылып жатыр. Бұл жайында журналистермен өткен баспасөз жиынында Fуыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев мәлімдеді. Былтыр наубайшылар бидай мен ұнның құны өскенін айтып, бағасын көтереміз деп аймақ әкіміне бірнеше рет хат жазған. Осыдан кейін облыстық Тұрақтандыру қоры 500 тоннадан аса ұнды оларға арзандатылған бағада беріп отырды. Алайда, қордағы ұн биыл  қантар айының соңында таусылған.

Берік Нығмашев, Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының  басшысы:

- Соңғы ақпаратқа жүгінетін болсақ, олар қазір 85-90 теңгеге ұн сатып алып отыр. Осы наубайханашылардың өздерінің экономикалық жағдайын төмендетпеу үшін түгелімен нан болмай қалу салдарын алдын ала отырып, 10 теңгеге сұраған болатын. Біз жұмыс тобымен санап, 10 теңге емес, 5 теңгеге қымбаттатуға облыс әкімі тарапынан рұқсат берілді. Өйткені, біз барлығын ескеріп отырмыз.

Айта кетейік, Таразда нан бағасы биліктің келісімімен тек 2 жыл бұрын 55 теңгеден 65 теңгеге көтерілген еді. 400 мың тұрғыны бар шаһарда ірілі-ұсақты 8 наубайхана жұмыс істесе, олар  тәулігіне 90 мың бөлке нан пісіреді. Осы межені орындау үшін күніне 50-55 тонна ұн кетеді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу