Ресейлік түркітанушылар Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласындағы мәселелерді зерттеуге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейлік түркітанушылар Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласындағы мәселелерді зерттеуге дайын

31.01.2019

Ресейлік түркітанушылар Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласындағы мәселелерді зерттеуге және оған қажетті кадрларды әзірлеуге дайын. Бұл туралы көрші елдің ғалымдары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді. Мәселен, Ресей ғылым академиясы Шығыстану қоғамдастығының вице-президенті Дмитрий Васильев Шығыстану институтында Ішкі Еуразия халықтарының мәдени байланыстары мен тарихи жадын зерттейтін ортақ оқу-ғылыми зертхана құруды ұсынды. Әсіресе, «Архив 2025» бағдарламасы бойынша бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Себебі, мамандардың айтуынша, Ресей мұрағаттарында қазақтың тарихына қатысты зерттелмеген құнды материалдар әлі де көп.  

Берік Әбдіғалиұлы, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:

- Мәдениет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, «Архив 2025» деген бағдарлама әзірленіп жатыр. Осыған байланысты, Ресейдің архив қорында қандай құжаттар бар, соны ақылдасып, шамамыз келгенше, осы жердегі әріптестерімізбен бірігіп, олармен ортақ жобаны атқарсақ деген мақсатпен, Елшіліктің қолдауымен осы жиынға келіп отырмыз.

Дмитрий Васильев, РҒА Шығыстану қоғамдастығының вице-президенті:

- Біз Қазақстан Президентінің мақаласын ерекше қуанышпен қабылдап, жан-жақты таныстық. Ол жерде айтылған мәселелер ресейлік түркітанушылар үшін де өте маңызды. Себебі, біз құнды мәдени мұрамызды тереңірек зерттейтін болсақ, Еуразия кеңістігіндегі түркілер мен славяндардың өткенінен көп мәлімет аламыз. Сондықтан, Қазақстан Президенті көтерген жайттар, алып аумақтағы барлық халыққа да ортақ қазына деп ойлаймын.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу