Астанадағы торт өндірушілердің 90 пайызы санитарлық талаптарға сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы торт өндірушілердің 90 пайызы санитарлық талаптарға сай емес

30.01.2019

Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабұлов мәлімдеді. Құзыреттілер қаладағы 100-ден астам кондитерлік цехты тексерген. Нәтижесінде тек 14 нысан барлық ереже шеңберінде жұмыс істеген. Ал, қалғаны еш талапты сақтамаған. Көбінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды құжаты болмай шыққан. Тәтті-дәмділерді кім көрінген қалаған жерінде жасаған. Тіпті, кей тәтті тағамдардан ішек таяқшасы табылыпты. Тексеріс қорытындысына сай, адам денсаулығына қауіпті деп танылған 250 мың келідей өнім айналымнан шығарылып, санитарлық ережелерді бұзғандарға 4,3 миллион теңге айыппұл салынған.

Сәдуақас Байғабұлов, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Астанада әлеуметтік желілер арқылы сатылатын кондитерлік өнімдерді дайындау бойынша 140-қа жуық арнайы сайт бар. Ең қауіптісі - солар. Себебі адамдар әдемі суреттерге қарап, тапсырыс береді. Бірақ оның құжаты бар ма, кім дайындайды, қандай жерде жасайды дегеннен еш хабары жоқ. Тексеріс кезінде тәтті өнімдердің жертөледе, сарайда жасалып жатқанын көрдік. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, тәттіге тапсырыс берерде сақ болыңыздар!

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу