Сарыағаш ауданында үш ауысымды және апатты мектептер жойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданында үш ауысымды және апатты мектептер жойылады

25.01.2019

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында үш ауысымда білім беретін және апатты жағдайдағы мектептер келер жылы толықтай жойылады. Ол үшін қазір 6 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, биыл аймақтағы мектеп жасына дейінгі балалардың барлығы балабақшаға бару мүмкіндігіне ие болмақ. Жыл бастала салысымен, Сарыағашта  екі білім ошағы мен 5 балабақша ашылып, ел игілігіне берілді. 

Сарыағаш қаласындағы білім ұясының оқушылары үшінші оқу тоқсанын сәулетті жаңа мектепте бастады. Бұрынғы апатты жағдайдағы ғимараттың орнына жаңасы салынғанша, шәкірттер бір жыл бойына өзге мектептерде білім алып келді. 900 балаға лайықталған мектепте заманауи оқу процесіне қажеттінің бәрі бар.

Мөлдір Бектанова, 8-сынып оқушысы:

- Мектебіміз соңғы үлгіге сай. Барлық жағдай жасалған. 8-сыныпта жаңартылған білім бойынша білім алып жатырмыз. Химия пәнінде түрлі реакциялармен таныстық. Көптеген зертханалық жұмыстар істейміз.

«Мәдениет» ауылының балалары да енді сабақты өз ауылында оқитын болды. Бұрынғыдай білім іздеп, көрші елді мекендерге сабылмайды.

Гүлфарида Қасымбекова, ардагер ұстаз:

- Қуанышқа бөленіп отырмыз. Енді осы мектепте оқушылардың білімі сапалы болса, мұғалімдердің мәртебесі жоғары болса деген ниеттеміз.

Сарыағаш ауданында халық саны жылдам өсіп келеді. Жыл сайын 10 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Әр жылы қосымша 130-ға дейін сынып қосылады. Оның үстіне, қазір 3 мектепте сабақ үш ауысыммен оқытылады. Бір білім ұясы апатты жағдайда. Сондықтан, осы қажеттілікке сай тағы 16 нысанның жобасы әзіріленуде.

Қайрат Әбдуәлиев, Сарығаш ауданының әкімі:

- Бір апатты, 3 тасымалданатын мектеп бар. Соның құрылысы биыл толық бітеді. Жыл соңында осы мектептер толығымен іске қосылса, алдағы жылы бұл мәселеден толығымен құтыламыз.

Бұл күні Сарыағаштағы тағы бес елді мекенің бүлдіршіндері қуанышқа бөленді. Қатарластарымен ауыл балабақшасының табалдырығын аттады. 

Назира Серікбаева, ата ана:

- Балаларымыз бақшаға келіп, өнер үйреніп, жазу жазып, сурет салып, ой-өрісі өсіп, ән айтып, би билеп, өте көңілді болып жүр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақта балабақша мәселесін оңтайлы шешуге негіз болды. Соның арқасында аудандағы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің 95 пайыздан астамы балабақшада тағылымды тәрбие, өнегелі тәлім алып жүр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу