Қарағанды облысы бойынша ең үлкен қоян фермасы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысы бойынша ең үлкен қоян фермасы іске қосылды

23.01.2019

Биыл мұнда салпаңқұлақтардың санын 2 мыңға жеткізу көзделген. Себебі, жыл санап диеталық қоян етіне деген сұраныс артып келеді.

Теміртаудағы бұл ферма бастан-аяқ соңғы үлгідегі техникаға негізделген. Қояндардың үйшіктері үнемі тап-тұйнақтай. Себебі, азық қалдықтары, қиы түгел автоматты түрде шығарылып отырады. Ал, көжектейтін жерлері арнайы жылу жүйесімен жабдықталған. Су мен жемі де өздігінен беріледі.

Татьяна Потёмина, кәсіпкер:

- Барлық қояндарымыз асыл тұқымды. Олар үш түрге: «Күмісқұлақтар», «ақ алпауыттар» және «калифорниялықтар» деп бөлінеді. Бұлар біздің климат пен осындай өсіру жағдайына төзімді тұқымдар.

Фермадағы бас-аяғы 5 жұмысшы барлық жұмысты сандық технологиямен басқарады. Алдағы уақытта қояндардың санын 2 мыңға жеткізу көзделген. Сол кезде тағы қосымша жұмысшылар алынбақ.

Максим Андрейчук, ферма жұмыскері:

- Заманауи технология күндік жұмысымызды өзі жоспарлап береді. Қай көжектерді бөлек орналастыру қажет, қай үйшіктерді тазарту керек екенін сол арқылы білеміз. Жем-шөп мөлшерін де осының көмегімен межелейміз. Тіпті қояндарға бір айда қанша азық кеткенін де бағдарлама арқылы есептеп отырады.

Қоян еті ағзаның ауыр инфекциялық аурулардан кейін қалпына келуіне көмектеседі, бүйрек ауруына шипа. Мейрамханаларда негізінен, ерекше  диеталық тағамдар санатында. Тұтынушыларға таза өнім жеткізу үшін ферма жанында арнайы сою бөлімі жұмыс істейді. Бір қоян етінен кемінде 5 мың теңге пайда түседі. Жақында мұнда тері өңдейтін қондырғы әкелінді. Енді балалар мен ересектерге арналған түрлі киімдер шығару жоспарланып отыр.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу