ШҚО-да боран салдарынан жолда тұрып қалған адамдардың барлығы құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да боран салдарынан жолда тұрып қалған адамдардың барлығы құтқарылды

21.01.2019

Боран салдарынан тәулік бойы жолда тұрып қалған адамдардың барлығы құтқарылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында жүздеген техника қар құрсауында қалған болатын. Көлік қозғалысының қиындағаны туралы хабар кеше түскенімен, жолаушыларды құтқару операциясы бүгін ғана аяқталды. Абырой болғанда, барлығы дін аман.

«Өскемен-Алматы» бағытындағы жолда жүздеген техниканың тұрып қалуына алғашқы 8 машина себепкер болған. Трассада қалған автокөліктерге арнайы қар тазалау техникасы көмекке келген. Алай-дүлей боран кезінде жұмыс істеуде де оңай соқпаған.

Нұржан Жұмаділов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Жол техникасы ортада тұрған машинаны айналып өтемін деп, жолдың жиегіне түсіп кетті. Ол жол тазалап келе жатқанда артынан колонна келе жатқан. Сөйтіп, олар екінші қатарды жауып тастады.

Сөйтіп, кептеліп қалған көліктер қатары 3 шақырымға созылған. Осылайша, 230 түрлі техника, 700-ге жуық адам қар құрсауында қалып қойған. Біраз жолаушы сол жердегі жағдайды телефонға түсіріп, желіге жариялап отырды.

Жолаушы:

- Автобустың жанармайы бітіп, әйтеуір жүргізушілер шелектеп құйып қойды, сонымен жылынып отырмыз. Жағдай қиын, кішкентай балалар жылап жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі қайда?! 24 сағат болды. Көмек сұраймыз.

Жолаушыларды құтқару үшін Өскеменнен, Үржар, Аягөз  және Жарма аудандарынан арнайы техника жіберілді. Облыс орталығында арнайы штаб құрылды. Кеше түн ортасына дейін Таскескен ауылына 312 адам жеткізілді. Көлігін тастауға келіспегендерге су, ыстық тамақ және жанармай апарылған.

Александр Ломыгин, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

- Үржардан құтқарушылар келгенде көп адам эвакуциядан бас тартты. Біздің мамандар жол талғамайтын техникамен барған. Жолаушылардың дәл қасына жете алмаса да, біраз жаяу жүріп, сол техникамен қауіпсіз жерге кетіп қалуға болар еді.

Ескертуді елемей, жолға шығып кеткендердің көбі аурухана, мектеп тәрізді әлеуметтік нысандарға жеткізілсе, 60-қа жуық адамды Таскескен тұрғындары өз үйіне қондырған. Соңғы мәлімет бойынша, бүгін жол ашылып, көлік қозғалысы қайта жанданды.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу