Климаттың өзгеруінің  негізгі себебі неде? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Климаттың өзгеруінің  негізгі себебі неде?

21.01.2019

Бүгінде климаттың жылынуы әлемнің жан жарасына айналды. Оның жалыны Қазақстанды да шарпыды. Мұздықтар еріп, агроөндіріске кері әсерін тигізуде. Сол себепті, дүниенің төрт тарабында түрлі басқосу, маңызды шаралар өтіп, әлем лидерлері климат мәселесін бір үстел басында талқылап келеді. Климаттың өзгеруінің  негізгі себебі неде? Оның біздің елге әсері қандай?

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Бүгін қаңтардың 21-і. Сағат кешкі алты болып қалды. Сыртта ауа температурасы 3 градус суықты көрсетіп тұр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, мұндай температура осы өңірде осы кезде соңғы 5 жылда болмаған. Ал, климатологтардың айтуынша, жылдың төрт мезгілінде де Қазақстанда ең жоғары температура соңғы 10 жылда тіркеліпті.

Біріккен Ұлттыр Ұйымының зерттеулеріне қарағанда, Қазақстанда әр он жыл сайын ауа температурасы 1,8 градус Цельсийге көтеріліп отыр. Ғалымдар «климаттың жылынуына кінәлі – адамзаттың өзі», - дейді. Оған себеп – ауаға көмірқышқыл газының көп мөлшерде таралуы.

Мұсағали Дуанбеков, Халықаралық экология академиясының президенті:

- Негізгі ауаны ластайтын көмірқышқыл газы, ал, егер ол көп болса, азон қабығы жұқарады. Күн сәулесі жер бетіне жеткеннен кейін адам ағзасына, жан-жануарларға өзіндік зиянын тигізеді. Сондықтан, баланысты ұстау үшін «Киото» протоколына қол қойған.

Күннің ысуынан Қазақстанда ең көп зардап шегетіні - агроөнеркәсіп саласы. Географ-ғалым Сәулет Секенов осы мәселені 4 жылдан бері зерттеп келеді. Оның айтуынша, жаһандық жылынумен күреспесек, Қазақстандағы бидай өнімі 2050 жылға дейін 40 пайызға дейін түсіп кетеді.

Сәулет Сәкенов, Ғаламдық жылынуды зерттеу бойынша БҰҰ дамыту бағдарламасының менеджері:

- Жаһандық жылыну әсіресе, ауыл шаруашылығына қатты әсер етіп жатыр. Ол үшін бидайдың басқа түрін егу, жер жыртудың өзге әдістерін енгізу, жылыжайларды көптеп салу сынды тәсілдерге көшу керек.

Жаһандық жылынуды жеңу үшін 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының таралуын 45 пайызға азайту қажет болып тұр. Ғалымдар осыны мақсат етеді. Олай болмаған жағдайда, әлемді қуаңшылық пен өрт жайлап, мұздықтардың еруі мен су тасқыны сияқты табиғи апаттардан құтылу екіталай болмақ. Париж келісіміне отырған соң, Қазақстан да мойнына үлкен жауапкершілік алды. 2020 жылға дейін парниктік газдардың таралуын 15 пайызға дейін азайту керек.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу