Алматыда жергілікті басқаруда бірқатар өзгерістер енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жергілікті басқаруда бірқатар өзгерістер енгізілді

18.01.2019

Әкімдіктегі біріктірілген 9 басқарманың жұмысын енді атауы өзгерген 12 басқарма атқарады. Ал, 5 басқарма таратылды. Енді құзіреті тоқтаған бөлімдердің функциясын жаңадан жасақталған басқармалар атқарады. Олардың санының азаюы еліміздегі шикізаттық емес экономика саналатын ірі мегаполистің даму қарқынын төмендетіп, шағын және орта бизнестің өркендеуін тежемей ме?

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімдігінің жаңа құрылымы таныстырылып, өзгеріс бір ауыздан мақұлданды. Мегаполис басшысы бұл Президенттің озық отыз мемлекеттің қатарына қосылу тапсырмасын жүзеге асыруға арналған оңтайландыру жұмысы деп түсіндірді.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ұсынған «Бес институционалдық реформаның» ең бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құруды іске асыру шеңберінде қолға алынған шаралардың жалғасы.

Енді бұдан былай Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма, Дін істері жөніндегі басқарма Қоғамдық даму басқармасы болып бірігеді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы Қала құрылысы бақылауы басқармасына біріктіріледі. Ал, Еңбек инспекциясы және Көші-қон басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы болып аталатын болады. Қала әкімі құрылымның тек аты ғана ауыспай, олардың жұмыс жүйесі дерлік сандық жүйеге негізделіп, өзгеретінін атап өтті.

Әсел Жүнісова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Жыл соңына дейін цифрлық технологияны енгізу арқылы кәсіпкерлікті оңтайландыру үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға сеп болмақ.

Әлемнің дамыған елдеріндегі жетістіктерге ұмтылған елімізде урбанизация қарқын алды. Мысалы, Алматы халқының саны жылына 50 мың адамға көбейіп келе жатыр. Мамандардың болжамынша, 15 жылдан кейін тұрғындардың саны 3 млн адамнан асады. Сондықтан, жаңадан жасақталған басқармалар алматылықтардың тұрмыс сапасының жақсаруына жаңа леппен кіріспек.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу