Шығыс Қазақстанда мал ұрлығы тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда мал ұрлығы тыйылмай тұр

15.01.2019

Барымташылар өрістегіні де, қорада байлаулы тұрған түлікті де қояр емес. Тұрғындардың айтуынша, ұрты майланып, әбден дәніккен ұрылар қылмыс орнында таңба қалдыруға көшкен.

Берік Көшербай, тілші:

- Мамай батыр ауылы Өскеменнің дәл іргесінде және облыстық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Осыны жақсы білетін әккі ұрылар түнде автокөлікпен келіп, жолдың қасында жайылып жүрген жылқыларды мылтықпен атып, жылдам сойып алып кетуді әдетке айналдырған. Асылбек Зейнолдаұлына ту биесін сойып тастауына тура келеді. Әйтпесе, арам өліп қалуы мүмкін. Өрісте жүрген жылқыны ұрылар атып, мертіктіріп кеткен. Барымташылар бұған дейін де бір биесін осылай жоқ қылған. Қарнын жарып, құлынын сол жерде қалдырған. Тіпті қылмыс орнында малдың жүрегі мен өкпесін тастап кетіп, сес көрсетуге көшкен.

Асылбек Зейнолдаұлы, Мамай батыр ауылының тұрғыны:

- Өздерінің айбарын көрсеткендігісі ғой. Басқасының бәрін алады, бірақ, орнында соны ғана қалдырып кеткен. 

Таңба қалдырып жүрген ұрылар Ұлан ауданындағы бірнеше ауылды зар қақсатып отыр. Тұрғындар қос-қостан ит ұстаса да, баукеспелер айылын жияр емес.

Жәміш Мағай, Мамай батыр ауылының тұрғыны:

- Жазықта көлік тұрғанын көрдік, өзіміздің жерімізде. Балалар малдың басын айдап келгенше, апақ-сапақта 8 бас сиырымызды айдап әкетті. Ол сегіз сиырға бұқа керек болды ма, бір аптадан кейін 2 бұқасымен қосып алып кетті.

Ұрлық түбі қорлық. Ұлан ауданынан мал ұрлап жүрген қылмыстық топ ақыры қолға түсті.

Нұркен Көпжасаров, облыстық Полиция департаментінің басқарма бастығы:

- Жедел топ күн демей, түн демей жүгіріп жүріп қылмыстық топты құрықтады. Біздің ШҚО азаматтары, 25-30 жаста. Олар өздерінің кінәсін мойындап отыр.

Былтыр өңірде 472 мал ұрлығы тіркелген. Мал ұрлаған 63 қылмыстық топ ұсталған.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу