Астанада лашықта тұрып жатқан отбасы көмекке мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада лашықта тұрып жатқан отбасы көмекке мұқтаж

15.01.2019

Екі әйел мен 4 бала контейнерде күнелтіп жүр. Бастапқыда ештеңеден қысылмай ел қатарлы өмір сүрген отбасы үйі өртеніп кеткеннен кейін берекесі қашты. Қырық жамау лашықта жан бағып отырғандарына 4 жылға жуықтаған. Содан бері жоқшылық көріп келе жатқан олар жомарт жандардан қолдау күтеді.

Жыртық үй тұрғындары солай күнелтуде. Күз, көктем, жазда жаңбырмен жағаласса, қыста қар қажытады. «Енді міне қардың салмағынан төбе опырылып түскелі тұр», - дейді. Ал, еденнен сыз өтеді. Сол үшін етікпен жүруге мәжбүр. 

Ирина Остапчук, қала тұрғыны:

- Жағдайымыз тым мүшкіл. Мұздай төсекке жатамыз. Өйткені, жылу сақталмайды. Қатты аязда іші азынап кетеді. Енді турасын айтсақ, қазіргі күйіміз ит тірлік қой.

Мына қуыста 4 баласымен қысылып-қымтырылып Ирина жатады. Ал, екінші бөлікте анасы. Немерелері көзі ұйқыға кеткенше сол әжесінің қасында. Себебі, бөлме жарығырақ. Тамақтанатын әрі сабақ оқитын орын мен теледидар бар. Ал, жуыну мәселесін былайша шешкен. 

- Бақырашпен су құйып, міне, осылайша бәріміз шылапшынға шайынамыз. Әйтеуір көршіміз жақсы. Моншасы бар, аптасына бір рет шомылуға рұқсат береді.

Қайғырып, қамыққанда қасынан табылғаны үшін қазақ ұлтына алғысын айтады.  

Алла Остапчук Астананың салынуына белсенді атсалысқан, құрылыстың ортасында жүрген. Өзі әрлеуші. «Талай ғимараттың сылағын сылап, сәнін келтірдім», - дейді. 2014 жылы үйі өртеніп күйі кетті. Дегенмен, өзіне тиіесілі жер телімі бар. Ендігі үміті жаңадан үй көтеру.

Алла Остапчук, қала тұрғыны:

- Бізге ең болмаса іргетасын қалап, қабырғалары мен шатырын көтеріп берсе. Ішкі жұмыстарын өзім жасап аламын. Қолымнан бәрі келеді. Тоқ жүргізем, линолеум төсеймін, кафель жапсырамын. Бәрі-бәрі.

Әйелдердің өздері әрекет етуге әлі жетпейді. Әлеуеті де көтермейді. Алатын әлеуметтік жәрдемақысы 40 мың тг. Ал, балалардың әкесі ішіп, жөнімен кеткен. Тек жұрт жанашырлық танытпаса, контейнерде еріксіз күнелте берері сөзсіз. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу