Балқаш көлінде балық аулау қауіпті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш көлінде балық аулау қауіпті

14.01.2019

Себебі, әлі мұз жұқа. Соған қарамастан көлге көлікпен шығып кететіндер өте көп. Жыл басталғалы 10 адам әкімшілік жауапқа тартылған. «Сондай-ақ, балықты аумен сүзіп алып жатқан браконьерлерге де тоқтау болмай тұр», дейді мамандар. Кезекті рейд кезінде көлікпен көл кезіп жүргендер қолға түсті.

Күн құбылмалы болып, Балқаш көлінде мұз қалыңдамай тұр. Соның салдарынан, биыл қысқы балық аулау маусымы да мезгілінен кеш басталды. Дегенмен, мұз әлі жұқа. Небәрі 50 сантиметрге жетер-жетпес. Ал, былтыр дәл осы уақытта мұздың қалыңдығы бір метрге жуық болған. Мұз қатпаған соң, құтқарушылар да күн сайын рейдке шығады. Себебі, көлікпен көлге шыққандар қарапайым қауіпсіздік шараларын ескермейді.

Дархан Қуанбаев, Балқаш құтқару бөлімшесінің басшысы:

- Автокөлікпен шыққан адамдар өте көп. Оларға ескерту жасаймыз, мұздың үстіне шықпауларын сұраймыз. Бір жерде тұрып қалуы мүмкін. Байланыс жоқ болса, құтқару қызметіне хабарласа алмайды. Сондықтан, өте қауіпті деп айтуға болады.

Көлікпен шыққандардың көпшілігі көлге қармақ салмайды, ау құрады. «Соның салдарынан қалаға жақын мүйісте мүлдем балық қалмады», дейді балықшылар. Ең сорақысы, қанша ұсталғанымен, браконьерлерге тоқтау болмай тұр.

Александр Рихтер, балықшы:

- Бұл - броконьерлердің ісі. Шығанақты айналдыра ау құрып тастаған. Ірі балықтар кіре алмайды. Үш күн болды келіп жүргеніме, қармағым мүлдем қаппайды. Ұсақ балықтан бірен-саран ауладым. Былтыр жақсы болған.

Қыс басталғалы екі адам зардап шеккен. Ал, 10 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Қаңтардың соңы мен ақпан айында аймақта ақтүтек боран соғуы мүмкін. «Сондықтан, балық аулауды уақытша шектеген дұрыс», дейді құтқарушылар. Күні кеше қаладан 20 шақырымға ұзап кетіп, көл үстінде көлігі сынып қалған 3 адам құтқарылды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу