Жол-көлік апатын азайтуға бағытталған отандық жобаларға неге қолдау жоқ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол-көлік апатын азайтуға бағытталған отандық жобаларға неге қолдау жоқ?

10.01.2019

Көліктен келетін кесапат көп. Жол ережесін сақтауға қанша жерден шақырса да, айыппұлды жылдан-жылға өсірсе де, қайғылы жағдай жиілеп кетті. Бір жүргізуші сақ жүргенімен, екіншісі кеп соғады. Сонда тақтайдай тегіс жолдағы тәртіпті реттеу камераның да, Жолпол қызметкерінің де қолынан келмей тұрғаны ма? Өнертапқыш солай есептейді.

«Темір тұлпар» қас-қағым сәтте «темір табытқа» айналып жатады. 28 жылда жол-көлік оқиғасы салдарынан 82 мың адамнан көз жазып қалдық. Зардап шеккендері 0,5 млн.-ға жетті. 2018 жылдың өзінде 16 мыңға жуық жол апаты болып, 2 мыңнан астамы қаза тапты, 20 500-дей адам жарақаттанған.

Ақтоты Боранова, әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

- Көбінесе жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамаудан болады. Жолдың қарама-қарсы бағытына шығып, автокөлік басқару. Сонымен қатар, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, маневр жасау кезінде жол ережесін бұзу. Осындай жағдайда көп жол-көлік оқиғалары болады.

«Осы тізбектелген себептерді адамға зиян тигізбейтіндей реттеуге болады», дейді өнертапқыш Алмат Салғарин. Ол 10 жыл бұрын «Алаш» жобасын ойлап тапты. Мойындалды, патенті бар. «Бірақ, қолданысқа енгізуге ешкімнің зауқы жоқ», деп күйінеді. Ал, құрылғысы қарапайым. Әр көлікке мына қондырғыны орнату арқылы жылдамдық автоматты түрде басқарылады. Яғни, жолдағы жылдамдық көрсеткішіне сәйкес жұмыс істейді. Сондай-ақ, тіпті жүргізушінің жай-күйін де сезеді. Егер шаршаңқы немесе ішкен жағдайда машина орнынан қозғалмайды. Мұның адам амандығы мен қаржы үнемділігіне пайдасы зор.

Алмат Салғарин, өнертапқыш:

- Жылына 3,5 млрд. доллар, теңге емес, доллар зардап шегіп отыр осы жол апатынан. Одан қалса, адамдар қаза тауып, жаралы болып отыр. Мүгедек боп қалып жатқандар да бар. Осыны орнатсақ, ең қауіпсіз ел боламыз жол апаты жағынан.

Дегенмен, өнертапқыш келтірген дерек құзырлы органдарды қызықтырмаса керек. «Алаш» инновациялық жобасы шаң басып тұр. Ал, еліміз бойынша 3500-ден астам орнатылған камера жүгенсіз жүргізушілерді тәртіпке сала қойған жоқ. Былтырдың өзінде 1 млн. 500 мың құқықбұзушылық тіркелген. Осы ретте Алмат Салғарин айыппұл шешпеген мәселені технологияның реттейтініне сенімді.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу