Петропавлда 300-ге жуық тұрғын үйді жөндеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 300-ге жуық тұрғын үйді жөндеу керек

10.01.2019

Оның ішінде, 60-тан астам баспананы биылдан қалдырмаған жөн. Ал, жергілікті билік жәрдем сұрап барған тұрғындарға көмек қолын созуға асығар емес. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына ілікпеген жұрт «тым болмаса қайтарымды қарызға жөндеп берсе» дейді.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Бұл үйдің тұрғындары көктемді үреймен күтіп отыр. Өйткені, қар ерісімен бар проблема басталады. Еріген су пәтерлерге, кіреберістерге ағып, электр есептегіш құралдарына қауіп төндіреді. Қардің еріген суының салдарынан электр желілері тұйықталып, бірнеше рет өрт шыға жаздаған. Сондықтан, жылына бір рет тұрғындар есептеуіш құралдарын ауыстырып отырады. Ал, оның бағасы да арзан емес, біреуі 25 мың теңге тұрады екен.

Бұл үйге 36 жыл бұрын кірген Николай Петренко «алғашқы жылдан-ақ төбеден су ағып, берекеміз қашқан еді», дейді. Заманның кең кезінде мердігер компания жөндеп берген. Алайда, соңғы 5-6 жылда ескі үйдің жамап-жасқайтын жері көбейді.

Николай Петренко, тұрғын:

- Қар ери бастағанда целлофанмен жауып қоямыз. Су тисе болды, сымдары тұйықталып, зәремізді қашырады. Кіреберіс түгел су болып, төбеден ағады. Мына жерден өрт шыға ма деп қорқамыз.

Осыдан 4 жыл бұрын пәтер иелері кооперативі басшысы мәселені көтеріп облыс басшылығына дейін барған. Бірақ, жыл сайын құрғақ уәде, қарекет жоқ. Сараптама нәтижесі бойынша шатырды ауыстырып, жертөлені жөндеу үшін 48 миллион теңге қажет. Қайтарымды несие бойынша әр пәтердің иесі 500 мыңнан 700 мың теңгеге дейін қаржы төлеуі тиіс. Бірақ, оған жұрттың шамасы жоқ.

Лидия Свешникова, ПИК төрағасы:

- Бірінші рет смета бойынша 29 миллион 500 мың теңге деді, 2017 жылы 35 миллион деді. Ал, былтыр 60 миллион теңге керек деді. Жыл өткен сайын құрылыс жұмысының бағасы қымбаттап барады, мардымды жауап жоқ.

Жергілікті атқамінерлер тозығы жеткен үйлердің проблемасын жақсы біледі. «Әйтсе де қол қысқа, бар мәселе қаржыға келіп тіреледі», дейді олар.

Мадияр Жангудин, қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы:

- Қазір қала бойынша 63 үй кезекте тұр. Тізімге сәйкес кезек бойынша үйлерге жөндеу жүргізіле бастайды. Ал, жалпы қала бойынша 300-ге жуық үйді жөндеу керек.

Мәселенің таяуда шешілер түрі жоқ. Көп ұзамай, күн жылынғанда тұрғындар тағы әбігерге түспек. Сол себепті, пәтер иелері ақысына болса да, «ең құрғанда үйдің шатырын ауыстырып берсе» деп өтінеді.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу