Қарқаралыда қысқы туризмді дамыту қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралыда қысқы туризмді дамыту қолға алынды

08.01.2019

«Табиғаты әсем, қысы ұзақ бұл өлкеде бизнесті жүргізудің тиімді жолы – осы», дейді мамандар. Осыған орай, кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар ұлттық табиғат паркінен жалға жер алған. Бастама жаман емес. Алғашқы ашылған шаңғы тебу алаңы қазір табысты жұмыс істеп тұр.

Думан Бейсенаев шаңғыдан әуесқойлар арасында халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі болған. Әскерден келген соң, бала күнгі арманын жүзеге асыруға асыққан. Қарқаралы Мемлекеттік ұлттық табиғат паркінен 5 жылға жалға жер алып, шаңғы базасын ашқан. Мұнда кез келген уақытта туристер мен жергілікті тұрғындар келіп тынығады. Ал, келешекте жас кәсіпкер үлкен шаңғы жарыстарын ұйымдастырмақ.

Думан Бейсенаев, кәсіпкер:

- Адамдар белсенді келіп жатыр. Қысқы туризм өте жақсы. Шаңғымен жүгіру, таудан сырғанау. Келешекте ұзақ мерзімге жерді аламыз деген ойымыз бар. Бұл жер үлкен шаңғы базасына айналады.

Жалпы, Қарқаралы Мемлекеттік ұлттық табиғат паркіне қарасты 112 мың гектардан астам жер бар. Соның 21 мың гектары туристік мақсатта пайдаланылып отыр. Мұндағы әсем табиғатты тамашалау үшін туристер негізінен жазда көптеп келеді. «Өлкеде қысқы туризм кластерін дамытса, жыл он екі ай үзбей жұмыс істеуге болады», дейді мамандар.

Назгүл Жұмашева, Қарқаралы Мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің маманы:

- Жазда адам саны көп болады. Қыста бізде арнайы тұрғыда туристік маршрут жоқ. Сондықтан, жер пайдаланушылар жұмыс істейді. Шамамен айтып кетейін, бізде 35 мың адам бақылау пунктерінде тіркелген. Оның 10 мыңдайы - қыста келген туристер.

Таулы аймаққа келушілер үшін мұнда жаңа заманауи демалыс орындарының саны да жыл санап артып келеді. Қазірдің өзінде осындай 4 туристік кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Олардың ең үлкені бір күнде 200 адамға қызмет көрсете алады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу