Алматыда 185 көшеге жаңа атау берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 185 көшеге жаңа атау берілді

04.01.2019

2500 көшесі бар ірі мегаполисте қалаға қосылған елді мекендерді қоса есептегенде, 349 көше мен даңғылдың атауы қайталанатын. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету саласының жылдам әрі жүйелі жұмыс істеуіне кедергі келтіретін. «Енді, көше атаулары толық ілініп болғаннан кейін бірқатар қызметтердің сапасы жақсарады», дейді сала мамандары.

6-шы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен XXXIV сессиясында 185 көшенің жаңа атаулары мақұлданды. Оның 20-на ұлы тұлғалар – Керей мен Жәнібек, Тәуке, Есім ханның есімі берілді. Сондай-ақ, еліміздің рухани дамуына үлес қосқан ғалымдар мен ақын-жазушыларға де көше аттарын беру көзделген. Олардың қатарында Фарида Шәріпова және Әуелбек пен Әлібек Қоңыратбаевтар сынды ақыл-ойдың алыптары да бар.

Тынысбек Қоңыратбай, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- «Ұлы даланың жеті қыры» деген Елбасымыздың бағдарламалық баяндамасынан кейін оң өзгерістер болып жатыр. Соның бірі - Алматы қаласы төңірегіндегі елді мекендердің атауларын өзгерту. Осы бағдарламаның аясында елімізге танымал болған мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өнер адамдары, Шамғон Қажығалиев, Әбіш Кекілбаев, ағайынды Қоңыратбаевтарға көше берілді. Бұлардың барлығы да қазақ руханиятына, қазақ мәдениетіне еңбек сіңірген.

Ал, қалған 163 көше тарихи-географиялық және ұлттық-ағартушылық атауларға ие болды. Мәселен, Жеті жарғы, Ата толғауы, Ақжайнақ, Тайбурыл, Әлқисса, Арлан, Ақбозат сияқты көшелер еліміздің байырғы тарихы мен өркениетінен сыр шертеді.

Өтепберген Қалабай, Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы:

- Мемлекеттік тіркеуден өтті. Енді ол жұмысты ертеңнен бастаймыз. Арнайы құзырлы органдарға біз хат жібереміз.

Көше атауларын ұлттық ұстанымға сай өзгерту тұрғындардың шағымы бойынша өткен жылы басталған. Атауы жоқ немесе бірін-бірі қайталаған көшелер жедел жәрдем, полиция мен өрт сөндірушілерді шақырғанда көп қиындықтар туғызатын. Негізінен жаңа атауларға Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандарының көшелері ие болды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу