Алматыдағы қоғамдық тәртіптің түзелуіне автобус жүргізушілері де атсалыспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы қоғамдық тәртіптің түзелуіне автобус жүргізушілері де атсалыспақ

27.12.2018

Мәселен, троллейбустарға орнатылған бейнекамералар арқылы көлік қозғалысына кедергі келтіретін жүргізушілердің заңсыз әрекеттері таспаға басылып, арнайы орталыққа жіберіледі. Себебі, мегаполисте автобустарға арналған жолақпен жеке көлік иелері жүрмеулері керек. Тек белгіленген үзік сызықты кесіп өтіп, басқа көшеге бұрылуға болады. Енді жаңа жүйенің ерекшелігі қандай?

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалада бекітілген жол ережесін бұзып, қоғамдық көліктің жолын кескен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынады. Ережені ескермейтіндердің әрекеті автобустың ішінде орналастырылған камералар арқылы анықталмақ.

Бұл - жүру ережесін жиі бұзатын жүгенсіз жүргізушілерді тізгіндейтін бейнекамера. Қоғамдық көліктің ішіндегі жолақ камерасы 25-30 метрдегі автокөлік иесінің заңсыз әрекетін таспаға басып, оны онлайн жүйесімен ғаламтор арқылы қалалық Ішкі істер департаментінің бақылау орталығына жібереді. Тәртіп сақшылары автобусқа арналған арнайы жолақты басып, жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізушіге тұрғылықты жері бойынша айыппұл жолдайды.

Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

- Қаңтар айының 1-нен бастап жолақ бағдарламасы іске қосылып, дәл сол күннен бастап, хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады. Бастапқыда 5 айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде айып көзделген. Егер бір жылдың ішінде бірнеше рет осындай құқықбұзушылыққа жол берілетін болса, онда 15-20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл мөлшері өседі.

Қазір сынақ кезінде 50 троллейбусқа орнатылған әрбір камерада күн сайын орта есеппен 30 жол ережесін бұзу дерегі тіркеледі. Отандық кәсіпорын ойлап тапқан жолақ камерасы Қытайда құрастарылған. Дегенмен, жоба авторлары қондырғының сапасы мінсіз екендігін айтады. Сондықтан, бейнетіркегіш ережені бұзған көліктің мемлекеттік нөмірін тәуліктің кез келген уақытында анық түсіреді.

Алексей Чернов, Бейнекамераны жасаушы кәсіпорынның техникалық директоры:

- Бұл видиофиксациялар қоғамдық көлік таңсәріден кешке дейін жолда жүргенде автоматты түрде іске қосылады. Жол бойындағы деректердің барлығын полицияның ақпараттарды өңдеу орталығына жібереді. Автобус жүргізушісінің жұмысына кедергі келтірмейді.

Енді жаңа жылдан бастап қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушылар тасымалдаумен қатар, мегаполис жолдарындағы қоғамдық тәртіптің сақталуына да үлес қосады. Оған қоса, көше қиылысы мен даңғылдардың бойына орнатылған «Сергек» камералары да жол ережесін бұзушылардың заңсыз әрекетін бұлтартпас дерек ретінде таспаға түсіреді. Ал, келер жылдың ортасына дейін қаладағы барлық автобусқа бейнекамера орнатылады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу